Танымал әнші Мақпал Жүнісова Роза Рымбаева және Нағима Есқалиевамен бірге түскен суретін жариялап, өнердегі замандастарына өлең жолдарын арнады, деп хабарлайды ult.kz.
Өнер иесі Threads әлеуметтік желісіндегі парақшасында қос әншіге деген ықыласын білдірген. Ол әріптестерімен бір сахнада өнер көрсетуді өзіне бұйырған бақыт санайтынын жеткізді.
"Сүйгізген, сүйген, мұңдасқан,
Өмірі өлең, жыр-дастан.
Менде де арман жоқ шығар,
Сіздермен сахнаны бір басқан!" – деп жазды Мақпал Жүнісова.
Әншінің жыр жолдарынан сахнада қатар жүрген жандарға деген құрметі аңғарылады. Ол ортақ суретке ұзақ түсініктеме бермей-ақ, көңіліндегі сезімін төрт жол өлеңмен жеткізген.
Мақпал Жүнісова, Роза Рымбаева және Нағима Есқалиева – қазақ тыңдарманына кеңінен таныс өнер иелері. Әрқайсысы өзіндік даусымен, орындау мәнерімен сахнадан орын алған әншілердің бірге түскен суреті олардың шығармашылық жолындағы сыйластығын көрсетеді.
Айта кетейік, Мақпал Жүнісова марқұм жарына деген сағынышын жеткізді.
Мақпал Жүнісова кім?
Мақпал Жүнісова - қазақ эстрадасының танымал әншісі, Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. Ол 1964 жылы 11 қаңтарда Қарағанды облысының Теректі ауылында дүниеге келген. 1994 жылы «Қазақстанның халық әртісі» атағын алып, 1999 жылы Мемлекеттік сыйлыққа ие болған.

Әншінің орындауындағы «Аққу сазы», «Ғашық жүрек», «Еркетайым», «Жан ана», «Көздеріңе ғашықпын» секілді әндер тыңдарманға кеңінен таныс. Оның репертуарында махаббат, анаға құрмет пен сағыныш тақырыбындағы лирикалық шығармалар көп.