Маңғыстауда рақымшылық аясында бес сотталғанға қатысты шешім шықты

Маңғыстауда рақымшылық аясында бес сотталғанға қатысты шешім шықты
Polisia.kz

Маңғыстау облысында рақымшылық туралы заң аясында бес сотталғанға қатысты сот шешімі қабылданды, деп хабарлайды ult.kz.

Polisia.kz мәліметінше, өңірдегі Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарға рақымшылық туралы заң талаптары кезең-кезеңімен қолданылып жатыр. Осыған байланысты қалалық және аудандық соттарда тиісті материалдар қаралуда.

Мәселен, Түпқараған аудандық пробация қызметінің есебінде тұрған азаматқа қатысты іс қаралып, Қылмыстық кодекстің 339-бабы бойынша тағайындалған жаза мерзімі қысқартылды.

Бүгінге дейін рақымшылық аясында бес сотталғанға қатысты сот шешімі шыққан. Оның ішінде екі адамның жаза мерзімі қысқартылса, тағы үш азамат жазасының өтелмеген бөлігін өтеуден босатылды.

Түпқараған аудандық пробация қызметі бөлімінің бастығы Айхайбек Нақовтың айтуынша, рақымшылық туралы заңды іске асыру жұмыстары заң талаптарына сәйкес жалғасуда.

– Әрбір материал жеке қаралып, заң талаптарына сай сотқа жолданады. Рақымшылықты қолдану туралы түпкілікті шешімді сот қабылдайды. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады, – деді Айхайбек Нақов.