Қызылордада концерт берген әнші Қайрат Нұртас сахнаға шағын сөмке лақтырған көрерменге ескерту айтты, деп хабарлайды ult.kz.
Оқиға өнер иесі ән орындап тұрған кезде болған. Залда отырған көрермендердің бірі сахнаға шағын сөмке лақтырған. Әнші өнер көрсетуін жалғастырып, туындысын аяқтағаннан кейін осы жағдайға назар аударды.
Қайрат Нұртас сөмкені иесіне қайтарып, мұндай әрекеттің орынсыз екенін жеткізді.
"Үйтіп лақтырма, бауырым, көргенсіздік болады", - деді әнші.
Көрерменнің сөмкені сахнаға не үшін лақтырғаны белгісіз. Өнер иесі оған затын қайтарып беріп, ескерту жасаумен шектелді.
Айта кетейік, Гүлзира Айдарбекова жүрек тебірентер жазба жариялады.
Шымкенттегі концерттің мән-жайы
Қайрат Нұртастың Шымкенттегі концертінде адам көп жиналып, көрермендер қысылып қалған. Оқиға 2026 жылғы 10 қазанда Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионда болған.
Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 8 адам медициналық көмекке жүгінген. Жетеуі тексеруден кейін үйіне жіберіліп, жарақат алған 18 жастағы қыз ауруханаға жатқызылған. 11 қазандағы мәліметте оның жағдайы ауыр, бірақ тұрақты деп бағаланған.
Полицияның алдын ала дерегіне сәйкес, алаңның сыйымдылығынан артық билет сатылған. Қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызмет көрсету дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, концертті ұйымдастырушы ұсталған. Адамдар қайтыс болды деген ақпаратты полиция жоққа шығарған.