Әлеуметтік желіде танымал болуды көздеген алматылық бес жүргізуші жол қозғалысы ережесін өрескел бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды ult.kz.
ҚР Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, жүргізушілер агрессивті көлік жүргізіп, жылдамдықты асырған, қауіпті маневрлер жасап, дрифт ұйымдастырған және жолда «шашка» тәсілімен жүрген. Мұндай әрекеттерді олар әлеуметтік желіге жариялау үшін әдейі жасаған.
Құқық қорғау органдарының айтуынша, ереже бұзушылардың өздері жариялаған бейнематериалдар олардың жеке басын анықтауды жеңілдеткен. Әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг нәтижесінде соңғы бірнеше күнде бес автобұзақы анықталып, барлығы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Алматы қалалық Полиция департаменті интернет кеңістігіне тұрақты мониторинг жүргізілетінін және жолдағы қауіпті әрекеттердің әрқайсысына құқықтық баға берілетінін мәлімдеді.
Сондай-ақ полиция қала көшелері автожарыс өткізуге немесе экстремалды контент түсіруге арналған алаң емес екенін еске салып, жол қауіпсіздігін сақтауға шақырды.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда бірнеше сағат ішінде жол ережесін бұзған 28 автокөлік айып тұрағына қойылған болатын. Сонымен қатар түнгі уақытта дрифт жасаған BMW жүргізушісі де жауапқа тартылған еді.