
Ақтөбеде элеваторда ойнап жүрген бала 15 метр биіктен құлады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі diapazon.kz басылымына сілтеме жасап.
Басылымның мәліметінше, 30 мамырда түнгі 00:00 шамасында полицияға Жанқожа батыр көшесіндегі тұрғын үй ауласынан 9 жасар баланың жоғалғаны туралы хабар келіп түскен.
Оқиға орнына келген полицейлер баланы көшедегі қараусыз қалған ескі ғимаратта ес-түссіз жатқан жерінде тапты.
"Баланың ескі ғимаратта балалармен ойнап жүріп 15 метр биіктен құлағаны, көптеген дене жарақаттарын алғаны белгілі болды. Ол ауыр халде жансақтау бөліміне жатқызылды", - деп хабарлады Ақтөбе облысы ДПД баспасөз қызметі.
Баланың аты - Батыр, ол Ақтөбеге Шалқардан демалысқа келген. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баланың жағдайы ауыр екенін айтады.
"Баланың жағдайы өте ауыр. Комада өкпені жасанды желдету аппаратында жатыр", – деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасы.
Қалалық әкімдік қайғылы оқиғадан кейін ғимарат қоршалғанын айтты.
Ал тұрғындар, бұл ғимарат көптеген жылдар бойы қараусыз тұрғанын айтып шағымданды. Айтуларынша, ол банкте кепілде тұр.