Қырғызстанда VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары басталды. Жарыстың алғашқы күнінде Қазақстан құрамасы бірнеше спорт түрінен өнер көрсетті, деп хабарлайды ult.kz.
VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 31 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында Қырғызстанда өтуде. Қазақстан құрамасы жарыстың бағдарламасына енгізілген 42 спорт түрінен 152 спортшымен қатысып жатыр.
Ойындардың ашылу салтанатында Қазақстанның мемлекеттік туын көкпардан әлем чемпионы, ұлттық құраманың капитаны Тұрғанбек Құрманбек алып шықты.
Жарыстың алғашқы күнінде қазақстандық спортшылар ордо, тоғызқұмалақ, кураш, гореш және монгол бох спорт түрлерінен сынға түсті.
Тоғызқұмалақ бойынша жарыстар 6 қыркүйекке дейін жалғасады. Ал асық атудан ақтық ойындар 2 қыркүйекке жоспарланған.
Кураштан белдескен Нұрдәулет Жарылғапов ирандық спортшыдан жеңілді. Монгол бохта Ерасыл Амангелді, ал гореште Мадияр Абдрахманов қарсыластарына есе жіберді. Осы үш күрес түрінен Қазақстан құрамасы үшін жарыс аяқталды.
2 қыркүйекте қазақстандық спортшылар көкпар, көкбөрі, эр еңиш (аударыспақ), алыш, овари, мангала, тоғызқұмалақ, ат марафоны, ордо, құсбегілік, жамбы ату, дәстүрлі садақ ату, таяқ тарту, арқан тарту, сумо, стронгмэн және омыртқа сындыру спорт түрлерінен жарыс жолына шығады.