Актриса Дариға Бадықова ел қорғап, адам өмірін арашалап жүрген азаматтарға ән арнағанын айтты, деп хабарлайды ult.kz.
Өнер иесі әлеуметтік желідегі жазбасында өз өмірін қатерге тігіп, өзгелерді құтқарып жүрген жандарға алғыс білдірді.
“Елі үшін отқа да, суға да түсіп, өз өмірін қатерге тігіп, өзгенің өмірін арашалап жүрген ержүрек қорғаушыларымызға арналады! Сіздердің ерліктеріңіз елдің есінде, жанқиярлық еңбектеріңіз — халықтың жүрегінде!” – деп жазды актриса.
Бадықованың айтуынша, ән Президенттік оркестрдің “Аброй” тобымен бірге орындалған.
Айта кетейік, Дариға Бадықова Олжас Абай екеуінің махаббат хикаясын айтып берді.
Дариға Бадықова кім?
Дариға Болатқызы Бадықова – қазақстандық актриса, әнші және кинопродюсер. Ол 1985 жылы 1 желтоқсанда Жамбыл облысының Мойынқұм ауылында дүниеге келген. Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында “Музыкалық драма және режиссура” мамандығы бойынша білім алған. Өнер жолын режиссер Болат Атабаевтың “Ақсарай” музыкалық театрында бастаған. Театр сахнасында “Қыз Жібек” қойылымындағы Қамқа бейнесін сомдаған.
Кейін кино мен телехикаяларға түсіп, көпшілікке танылды. Көрермен оны әсіресе “Келінжан” телехикаясындағы Айсара рөлі арқылы біледі. Сондай-ақ “Қазақша бизнес” фильмдер сериясына, “Ғашық жүрек”, “Тракторшының махаббаты” жобаларына қатысқан. 2023 жылы жарық көрген “Таптым-ау сені” романтикалық комедиясында продюсер әрі басты рөлді орындаушы ретінде танылды. Бұл фильмде актер Олжас Абаймен бірге ойнаған. Кейін аталған картинаның жалғасын түсіріп, кино өндірісіндегі жұмысын жалғастырды.