Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева мен өзбекстандық гроссмейстер Жавохир Синдаровтың үйлену тойы өтетіні белгілі болды. Бұл ақпаратты Синдаровтың атасы Комил Синдаров растады, деп хабарлайды ult.kz.
Журналист Олимжон Усаровтың хабарлауынша, Комил Синдаров немересінің болашақ жары туралы пікір білдіріп, екі шахматшының отбасын құру туралы шешімін қолдайтынын жеткізген.
Оның сөзінше, Жавохир үшін өмірлік серігінің шахматты түсінуі аса маңызды. Себебі спортшы жыл бойы халықаралық турнирлерге қатысып, уақытының басым бөлігін шетелде өткізеді.
“Үйлену тойы болады. Бұл некеден үмітіміз зор. Егер Жавохир шахматты түсінбейтін қызға үйленсе, қиындықтар туындауы мүмкін. Ол жылдың 12 айының 11 айын шетелде, жарыстарда өткізеді. Жанындағы адам оның өмір салтын түсініп, сапарларына бірге шығуы керек. Ал шахматқа қызықпайтын жанға мұндай өмірге бейімделу оңай емес. Сондықтан бұл одақ біз үшін барлық жағынан қолайлы”, – деді Комил Синдаров.
Сондай-ақ ол Бибісараның қазақстандық екенін ерекше атап өтіп, бұл некенің екі ел арасындағы достық қарым-қатынасқа да оң ықпал етуі мүмкін екенін айтты. Осы тұста Комил Синдаров Әмір Темір дәуіріндегі әулеттер арасындағы некелік одақтар туралы тарихи мысалды еске алған.
Айта кетейік, Бибісара Асаубаева мен Жавохир Синдаровтың қарым-қатынасы 2026 жылдың көктемінде көпшілік назарын аударған еді. Екі шахматшының бірге түскен суреттері мен Парижге жасаған сапарынан кейін олардың арасында романтикалық байланыс бар екені туралы әңгіме тараған. Кейін Жавохирдің отбасы жастардың қарым-қатынасына қарсы емес екені хабарланды. Енді спортшының атасы үйлену тойының өтетінін ашық мәлімдеп отыр.
Әзірге тойдың нақты күні мен қай жерде ұйымдастырылатыны жарияланған жоқ.
Бибісара Асаубаева мен Жавохир Синдаров – халықаралық шахмат аренасында өнер көрсетіп жүрген танымал гроссмейстерлер. Екеуі де кәсіби спорттағы жолын жалғастырып, әлемдік деңгейдегі жарыстарға қатысып келеді.
Бибісара Асаубаева кім?
Бибісара Асаубаева – қазақстандық шахматшы, халықаралық гроссмейстер және блиц шахматтан үш дүркін әлем чемпионы. Ол 2004 жылы 26 ақпанда Тараз қаласында дүниеге келген. Шахматпен бала кезінен айналысып, жасөспірімдер арасындағы халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелер көрсете бастады. 2011 жылы Бразилияда өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында 8 жасқа дейінгі қыздар арасында алтын медаль жеңіп алды. Бибісара Қазақстан атынан әлемдік деңгейдегі шахмат турнирлеріне қатысып, халықаралық аренада танымал болды. 2021 жылы Польшаның Варшава қаласында өткен әлем чемпионатында блиц шахматтан жеңімпаз атанды. Осы жетістігінің арқасында ол блицтен әлем чемпионы атанған ең жас шахматшы ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енді. Сол жылы рапид шахматтан әлем чемпионатында күміс медаль иеленді.
2022 жылы блицтен әлем чемпионы атағын сәтті қорғап, екінші рет қатарынан топ жарды. Бұл жеңістер оны әлемдегі ең мықты жас шахматшылардың қатарына қосты. 2025 жылы Бибісара классикалық шахмат бойынша халықаралық гроссмейстер атағын алып, Қазақстаннан шыққан осындай дәрежеге жеткен екінші әйел шахматшы атанды. Сол жылдың желтоқсанында Катардың Доха қаласында өткен әлем чемпионатында украиналық Анна Музычукты жеңіп, блицтен үшінші мәрте әлем чемпионы болды. Бұл жеңісі оған 2026 жылғы үміткерлер турниріне қатысуға мүмкіндік берді. Бибісара Асаубаева спорттағы жетістіктерімен Қазақстан шахматының халықаралық беделін арттыруға үлес қосып келеді. Бүгінде ол әлемдік деңгейдегі беделді жарыстарға қатысып жүрген еліміздің танымал шахматшыларының бірі.