Маңғыстау облысында Бекет ата мешітіне зияратқа барып, бірнеше күннен бері із-түзсіз жоғалған үш тұрғын аман-есен табылды, деп хабарлайды ult.kz.
Еске салайық, олар соңғы рет 2 шілде күні Бекет ата мешіті аумағынан WhatsApp арқылы видео жолдап, содан кейін байланысқа шықпай қалған болатын.
Маңғыстау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, ауқымды іздестіру жұмыстарының нәтижесінде үш адам отырған көлік Қыдырша ата шатқалынан шамамен 35 шақырым жердегі жетуі қиын аумақтан анықталған.
Алдын ала мәлімет бойынша, автокөлік батпаққа батып қалып, жолаушылар әрі қарай қозғала алмай қалған. Осыған байланысты олар байланысқа шығу мүмкіндігінен айырылған.
Жоғалғандарды алғаш болып Бейнеу аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері тапқан. Қазір олар Ақжігіт ауылына жеткізіліп, медициналық тексеруден өтуде.
Полицияның хабарлауынша, іздестіру жұмыстары құқық қорғау органдарының, төтенше жағдайлар қызметінің және басқа да жұмылдырылған құрылымдардың үйлесімді әрекетінің нәтижесінде сәтті аяқталды.
Айта кетейік, іздеу операциясына полиция қызметкерлері, құтқарушылар, «Охотзоопром» мамандары, тікұшақтар, арнайы техника және еріктілер жұмылдырылған болатын. Сонымен қатар өңір тұрғындары дрондардың көмегімен іздеу жұмыстарына қолдау көрсетуге шақырылған еді.