Белгілі әнші Бақтияр Тайлақбаев Алматыдағы “Швейцария” тұрғын үй кешенінен пәтер алуға 30–40 миллион теңге жұмсағанымен, бес жылдан бері баспанасына қол жеткізе алмай келеді, деп хабарлайды ult.kz.
Өнер иесі өзге де үлескерлермен бірге әкімдік алдына барып, құрылысы аяқталмаған үйлердің мәселесін шешуді талап еткен. Жиналғандардың арасында үш құрылыс компаниясына қаражат құйып, пәтерін жылдар бойы күтіп жүрген азаматтар бар.
Miras Green Technology Building компаниясы салуға тиіс тұрғын үй кешеніне 150-ге жуық адам шамамен 3 миллиард теңге салған. Алайда олар әлі күнге дейін қоныс тойын тойлай алмаған. “Амадеус Хотел Групп” компаниясының Pine Hill және Sky Club кешендерінен баспана алмақ болған 60-қа жуық үлескер де бес жылдан астам уақыттан бері пәтерін күтіп жүр.
Айта кетейік, Дариғаның бұрынғы күйеуі шаңырағы не үшін шайқалғанын айтты.
Бақтияр Тайлақбаев кім?
Бақтияр Тайлақбаев - қазақ эстрадасының белгілі әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі. Ол 1959 жылы 8 сәуірде Қызылорда облысында дүниеге келген. Алғашқы жоғары білімін Жамбыл гидромелиоративті-құрылыс институтының Қызылорда бөлімшесінде алған. 1983 жылы “Гүлдер” ансамблінде өнер көрсете бастаған. Кейін “Қазақконцерт” бірлестігінде еңбек еткен.
Әнші 1993 жылы Гнесиндер атындағы Ресей музыка академиясын эстрадалық вокал және эстрада режиссурасы мамандығы бойынша үздік бітірген. Өнер жолында Иосиф Кобзоннан тәлім алған. 1984 жылы Мәскеуде өткен “С песней по жизни” бүкілодақтық телевизиялық байқауында бас жүлдені жеңіп алған. 1995 жылы “Дарын” мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты атанған. Сондай-ақ Каирдегі халықаралық фестиваль мен “Азия дауысы” байқауында жүлдеге ие болған.
Бақтияр Тайлақбаев орындаушылықпен қатар шығармашылық ұжымдарға жетекшілік еткен. Алматы облыстық филармониясы жанындағы “Наурыз” ансамблінің көркемдік жетекшісі болған. Оның репертуарында қазақ және шетел композиторларының әндері бар. Өнер иесі жас әншілерді тәрбиелеуге де атсалысып, олардың үлкен сахнаға шығуына қолдау көрсеткен.