Соңғы айларда жарқын болашаққа ұмтылған мектеп оқушыларында жүктеме көп. Біреулері Назарбаев интеллектуалдық мектебіне іріктелуден өттсе, мектеп түлектері ҰБТ тапсырды. Әлеуметтік желіде жоғарғы балл жинап қуанып жатқан да, іріктеуден өте алмай сағы сынып жатқан да балалардың видеосы тарады.
Кей ата-ана баласының жарқын болашақ кепілін НИМ сияқты мектептермен байланыстырып, баланы көп жыл арнайы дайындайды. ҰБТ-дан қажет баллын жинап, грант ұту кей ата-ана үшін отбасының материалдық жүгін жеңілдетудің негізгі амалы деп қарастырылады. Әрине бұл жерде ата-ананың да, баланың да көпжылғы еңбегі, талабы бар.
Сонымен бірге көпжылғы қысым, бақылауды да жоққа шығара алмаймыз. Мұндайда мықты көрсеткіштерді талап ететін ата-ана балаға махаббатты жетістіктеріне сай беріп отырады. Жетістік пен мықты көрсеткіштер отбасының жалғыз құндылығы болып, бала үнемі ішкі қысымда өмір сүреді, өз қалауын айтудан қалады.
Енді бір ата-ана "балам бақытты болса болды, өз жолын табады" деп оның болашағына қатысты жағдайларды елеусіз қалдырады. Баланың өз қалауын тануы, ата-анамен қабылдануы, қателік жасаудан қорықпауы – бәрі жақсы. Бірақ қажет сәттерде ата-ананың бақылауынсыз қалатын бала шек пен шекараны ажырата алмай, жауапкершілік дегенді білмей өсуі мүмкін.
Абзалында
Бала тәрбиесінде, оның біліміне, болашағына қатысты сәттерде баланс, әрқайсына жеке ыңғай керек. Кей ата-ана "бақытты бала бақылаусыз болуы керек" деп түсінеді. Бірақ баланың өмірінде тәртіптің, жауапкершіліктің, бәсеке ортасының болуы ол – бақытсыз өсіп жатыр дегенді білдірмейді.
Кей ата-ана баланы үнемі бақылауда ұстаймын деп, оны жылулықтан, махаббаттан айырады. Бірақ баланы кез келген нәтижесімен қабылдау, баланың да дауысын тыңдау ең алдымен өзінің адам, перзент ретінде құнды екенін көрсетер еді.
Ең бастысы көрсеткіш – не қазір сіздің жаныңызда бақытты, не әрдайым жеңімпаз бала емес, болашақта ата-анасы жанында болмаса да өзін өзі жігерліндіре алатын, құласа да қайта аяққа тұра алатын ішкі тірегі мықты перзент тәрбиелеу екендігін естен шығармайық.
Динара Болат