Біріккен Араб Әмірліктерінде қаза тапқан Қазақстанның екі азаматы – туған әпкелі-сіңлілі қыздардың денесі өткен демалыс күндері елге жеткізіліп, жер қойнына тапсырылды. Марқұмдардың әкесі қыздарының нақты қалай қайтыс болғанын әлі білмейтінін айтты, деп хабарлайды ult.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Қыздардың денесін БАӘ полициясы әкесі туыстығын растау үшін ДНҚ сараптамасынан өткеннен кейін ғана берген. Алайда Мейрам Боханов қыздарының денесін Қазақстандағы жерлеу рәсімі қарсаңында ғана көрген.
«Бетін мешітте ғана аштым. Ағасы екеуміз қарап шықтық: өзіміздің қыздарымыз... Анасы көрген жоқ. Оларды көңілді, бақытты күйінде есте сақтасын дедік», – деді марқұмдардың әкесі.
Әкесі қыздарының өліміне не себеп болғаны ата-анасына әлі нақты айтылмағанын жеткізді. Құжаттарда өлім себебі жүректің тоқтауы деп көрсетілген.
«Жүрегі тоқтаған дейді. Олардың нақты қалай қайтыс болғанын, қалай өлтірілгенін білмейміз. Интернетте тарап жатқан ақпараттың бәрі – жалған! Сенбеңіздер! Сараптаманың ресми қорытындысы шыққанда ғана нақты айта аламыз», – деді Мейрам Боханов.
Бұған дейін қыздардың өліміне қатысты іс бойынша күдікті ұсталғаны хабарланған.
Еске салайық, 20 және 22 жастағы екі әпкелі-сіңлілі Қазақстан азаматы былтыр желтоқсанда жұмыс істеу үшін Шарджаға барған. Олар сұлулық салонында жұмыс істеген. Кейін қыздар жалдамалы пәтерден өлі күйінде табылған.
Олардың денесінде зорлық-зомбылық белгілерінің болған-болмағаны және қайғылы жағдайдың нақты қалай болғаны әзірге белгісіз. БАӘ-дегі тергеу нәтижесі күтіліп отыр.
Оқи отырыңыз: «Алтын белгімен» бітірген: Шарджада қаза тапқан апалы-сіңлі туралы жаңа деректер айтылды
Шарджада қаза тапқан апалы-сіңлілі қыздардың ісіне қатысты күдіктінің суреті тарады