Атырауда өзін аңдып, соңынан қалмаған әріптесімен жанжалдасқан полиция қызметкері кінәлі деп танылды, деп хабарлайды ult.kz.
Бұл туралы HALYQSTAN арнасы жазды.
Арнаның мәліметінше, 23 жастағы Сымбат Таңатарованың оқиғасы желіде бір жылға жуық талқыланған. Қорғаушылар мұны Қазақстандағы ең атышулы сталкинг жағдайы деп атап, қызды әріптесі Қанат Ершан айлап аңдығанын алға тартқан. Алайда сот шешімі күтпеген жерден басқаша шығып, Сымбаттың өзі кінәлі деп табылды. Олар студент кезінде танысып, кейін екеуі де полицияға жұмысқа тұрған. Қыздың айтуынша, екі жаққа кеткеннен кейін жігіт бұған көнбей, кездесуді талап еткен. Қызғанған, түрлі хабарламалар жазып, егер араласуды тоқтатса, өз-өзіне қол жұмсайтынын айтқан.
Оқиға 15 сәуірде болған. Ершан Атырауға ұшып келіп, күндізгі кездесулері ұрыспен аяқталған. Кешке ол қыздың үйіне қайта барып, далаға шығуын талап етіп, ішінде кішкентай баласы бар үйдің терезесін қаққан. Көршісінен көмек сұрағанмен, ол араласудан бас тартқан. Қорыққан Сымбат өзінің көлігіне отырып, ішінен құлыптап алған. Жігіт есікті жұлқылап, көлік қозғала бастағанда капотқа секіріп мінген. Қыз көлікті тоқтатпай бірнеше орам жүріп өткен кезде, бұрылыста жігіт асфальтқа құлаған.
Салдарынан ол ауыр жарақат алып, бас сүйегі, бұғанасы мен қабырғасы сынып, комаға түскен. Жігіт ауруханада біраз уақыттан кейін ғана есін жиған.
Қорғаушы тарап қыздың тек қауіпті үйден аулақ әкетпек болғанын және жігіттің әрекетіне құқықтық баға берілмегенін айтты. Бірақ сот басқаша шешім шығарды.
Сот үкімінде Таңатарова көліктің капотында ер адамның тұрғанын көре тұра, ауыр зардаптардың алдын алуға болады деп үміттеніп, қозғалысты жалғастырғаны жайлы айтылған.
Нәтижесінде ол Қылмыстық кодекстің 114-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 6 айға бас бостандығынан шектелді. Дегенмен Конституцияның 30 жылдығына орай жарияланған рақымшылыққа ілініп, жазадан босатылды. Сондай-ақ сот одан Қанат Ершанның пайдасына моральдық шығын ретінде 1 млн теңге өндірді. Ал Ершанның бірнеше ай бойы қызды аңду әрекетіне сот шешімінде ешқандай баға берілген жоқ.