Астанада зейнеткер алаяқтардың арбауына түсіп, шамамен 18 млн теңгесінен айырылған, деп хабарлайды ult.kz.
Полиция мәліметінше, оған алдымен өзін «Қазақтелеком» қызметкері ретінде таныстырған адам хабарласып, жеңілдік рәсімдеу сылтауымен жеке деректерін алған. Кейін қаскөйлер өздерін ҰҚК және Ұлттық банк қызметкерлері ретінде таныстырып, әйелдің атына несие рәсімделіп жатқанын айтқан.
Алаяқтар оның ақшаны «қауіпсіз шотқа» аударуын талап еткен. Зейнеткер алтын бұйымдарын ломбардқа өткізіп, шетелдік шоттарға 3 млн теңгеден астам қаржы аударған.
Онымен шектелмей, алаяқтардың нұсқауымен басқа қалаға барып, тағы бір зейнеткерден шамамен 15 млн теңге алып, қылмыскерлерге берген.
Жедел-іздестіру шаралары барысында схемаға қатысы бар 42 жастағы шетел азаматы ұсталды. Тергеу жалғасып жатыр.
Полиция бейтаныс адамдардың нұсқауымен ақша аудармауға және бағалы заттарды ломбардқа тапсырмауға шақырды.