Астанада жылумен қамту бойынша қарыз 460 млн теңгеге жетті

Астанада жылумен қамту бойынша қарыз 460 млн теңгеге жетті

Елордада жылумен қамту бойынша қарыз мөлшері 460 млн теңгені құрап отыр. Қарыз көлемі жайлы тілшілерге «Астана-Теплотранзит» АҚ басшысының экономика және қаржы жөніндегі орынбасары Руслан Аралбай айтып берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Бізде басты тұтынушы – өздеріңіз білетіндей, «Астанаэнергосбыт» ЖШС. Біз бүкіл өнімді оған бергеннен кейін компания қаланың барлық тұтынушыларына жылу таратады. «Астанаэнергосбыт» ЖШС мен «Астана-Теплотранзит» АҚ арасындағы іскерлік қарым-қатынас жолға қойылған. Әрине, бір-екі ай көлемінде олар қаражатты төлеу жағын кешіктіретіні бар. Бірақ, жалпы олармен іскерлік қатынаста жұмысты тәртіпке келтіруге тырысамыз. Яғни, біз оларға жылудың барлық көлемін береміз – олар тұтынушылардың ақшасын жинап, бізге береді. Қазіргі уақытта шамамен 460 млн теңге қарызы бар. Яғни, бұл – «Астанаэнергосбыт» ЖШС-ның бізге қарызы. Ал олардың тұтынушылардан ақшаны қалай жинайтыны – өз шаруасы», - деді тілшілерге арналған баспасөз турында Руслан Аралбай.

Еске сала кетсек, бұған дейін «Астана-Теплотранзит» АҚ басшысының құрылыс жөніндегі орынбасары Құрманғазы Нұғыманов Астананың жылу магистральдарын жаңғырту жұмыстары 1 қазанда аяқталатынын мәлім еткен еді.