28 қыркүйекте Қытайдың Қазақстандағы Елшілігінде Қытай Халық Республикасының құрылуының 77 жылдығына арналған ресми қабылдау өтті, деп хабарлайды ult.kz.
Іс-шараға Қазақстанның Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, Қытайдың Қазақстандағы елшісі Хань Чуньлинь, сондай-ақ мемлекеттік органдардың, дипломатиялық корпус пен қоғамдық және іскерлік орта өкілдері қатысты.
Қабылдауды Қытайдың Қазақстандағы елшісі Хань Чуньлинь ашып, қонақтарға алғысын білдірді. Ол Қытайдың 77 жыл ішінде елеулі даму жолынан өткенін айтып, елдің экономикалық, технологиялық және әлеуметтік жетістіктеріне тоқталды.

Елшінің айтуынша, 2025 жылы Қытайдың ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға жұмсаған шығыны 4 триллион юаньға жуықтаған. Жаңа энергетикалық көліктерді өндіру мен сату көлемі 16 миллионнан асып, 5G байланыс базалық станцияларының саны 5 миллионға жеткен.
Хань Чуньлинь Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынастың да қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Биыл қаңтар-тамыз айларында екі ел арасындағы тауар айналымы 37,8 млрд долларға жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 23%-ға артқан. Достық – Мойынты теміржол учаскесіндегі екінші жолдың құрылысы аяқталғаннан кейін оның өткізу қабілеті бес есеге өскен.
Елші екі ел ынтымақтастығының энергетика, пайдалы қазбалар мен көлік салаларынан бөлек, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, машина жасау, жасыл энергетика және цифрлық экономика бағыттарына кеңейіп келе жатқанын айтты.
«Қазақстан мен Қытайға өркендеу, ал елдеріміздің халықтарына бейбітшілік пен бақ-береке тілеймін! Қазақстан мен Қытай арасындағы достық ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, ұзақ жылдар бойы мызғымас болсын! Баршаңызға зор денсаулық пен барлық бастамаларыңызға табыс тілеймін!» – деді елші сөз соңында.
Өз кезегінде Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Қытай халқын ҚХР-дың құрылғанына 77 жыл толуымен құттықтады.
Министр Қазақстан Қытайды өзінің басты стратегиялық серіктестерінің бірі ретінде қарастыратынын атап өтті. Оның айтуынша, екі ел арасындағы ынтымақтастық өзара сенімге, құрметке, берік достық пен ортақ мүдделерге негізделген.

Серік Жұманғарин биыл Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға жасаған сапары аясында жалпы құны 15,2 млрд доллардан асатын 80-нен астам коммерциялық құжатқа қол қойылғанын айтты.
Сондай-ақ ол екі ел арасындағы тауар айналымы 48,7 млрд долларға жеткенін, ал Қазақстандағы Қытай инвестициясы қатысқан 316 инвестициялық жобаның жалпы құны 127 млрд долларды құрайтынын жеткізді.
Министр мәдени-гуманитарлық байланыстардың да маңызын атап өтті. 2026 жыл Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдениет тоғыспалы жылы ретінде өтіп жатыр. Осыған байланысты екі ел арасында түрлі мәдени іс-шаралар ұйымдастырылуда.
«Біз Астана мен Бейжіңнің стратегиялық сипаттағы қатынастарын жаңа көкжиекке көтеруге басым мән береміз.
Осы мақсатта екі ел арасында биік және жоғары деңгейлерде саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы уағдаластықтарды іске асыру үшін бірлесе күш-жігер жұмылдыруға дайындығымызды қуаттаймыз.
Жаңа алтын «отыз жылдықтағы» ынтымақтастығымыз жігерленіп, игі оқиғалар мен тың бастамаларға толы болып, екіжақты және көпжақты салалардағы серіктестігіміз лайықты жалғасын табатынына сенімдіміз» – деді С. Жұманғарин.
Қабылдау барысында Қазақстан мен Қытайдың мемлекеттік әнұрандары орындалды.
Одан кейін қонақтарға ұлттық би мен ән өнерінен концерттік бағдарлама ұсынылды. Бағдарламада дәстүрлі өнермен қатар заманауи технологиялар да таныстырылды. Атап айтқанда, кеш барысында роботтар би билеп, қонақтарға арнайы интерактивті қойылым көрсетілді.



Қытай елшісі бұл жылғы қабылдаудың технологиялық мазмұнына арнайы тоқталып, роботтардың қатысуымен интерактивті демонстрация дайындалғанын айтты. Оның сөзінше, бұл Қытайдың инновациялық жетістіктерін көрсетуге және цифрлық дәуірдегі ынтымақтастық мүмкіндіктерін таныстыруға бағытталған.

Іс-шара соңында қонақтарға арнайы дастархан жайылып, ұлттық тағамдар ұсынылды. Қонақтар өзара пікір алмасып, Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықтың түрлі бағыттарын талқылады.
Қытай мен Қазақстан келесі жылы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 35 жыл толуын атап өтеді. Елші Хань Чуньлинь бұл датаны екіжақты байланыстардың маңызды белесі ретінде атап, екі елдің «жаңа алтын отызжылдығын» қалыптастыруға бірлесіп күш салуға дайын екенін білдірді.