Астанада Қазақстанда жұмыс істейтін Қытай кәсіпорындарының бесінші бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Оған 24 компания мен 300-ге жуық жас қазақстандық қатысты, деп хабарлайды ult.kz.
Іс-шараны Қазақстандағы Қытай кәсіпкерлерінің бас қауымдастығы, ҚХР жоғары оқу орындары түлектерінің қауымдастығы және «Қытай тілі көпірі» клубы бірлесіп ұйымдастырды.


Қытайдың Қазақстандағы елшілігінің сауда-экономикалық мәселелер жөніндегі кеңесшісі Ван Мяоның айтуынша, мұндай шаралар Қытай компаниялары мен жас мамандар арасындағы байланысты нығайтып, жергілікті кадрларды тартуға және Қазақстан экономикасын дамытуға ықпал етеді.
«Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі Қытай компаниялары мен жас мамандардың өзара байланыс орнатуына қолайлы әрі тиімді алаң ғана емес. Сонымен қатар ол Қытай кәсіпорындарының Қазақстан экономикасын әртараптандыруға белсенді қатысуына, жергілікті нарықты игеруіне, өндірісті оқшаулауды күшейтуіне, әлеуметтік міндеттемелерін орындауына және ұзақ мерзімді дамуын қамтамасыз етуіне мүмкіндік береді», – деді Ван Мяо.

Қазақстандағы Қытай кәсіпкерлерінің бас қауымдастығының бас хатшысы Лю Юэнің айтуынша, Қытай компаниялары Қазақстанға жекелеген жобаларды жүзеге асыру үшін ғана емес, ұзақ мерзімді жұмыс істеп, бизнестерін дамыту және жергілікті нарықтағы орнын нығайту мақсатында келеді.
«Мұны олардың бизнесті оқшаулауға бағытталған қадамдары да көрсетеді», – деп отыр Лю Юэ.

ҚХР жоғары оқу орындары түлектері қауымдастығының төрайымы Айгерім Нигметжанның айтуынша, қауымдастық Қытайда білім алған қазақстандық жастардың жұмысқа орналасуына қолдау көрсету мақсатында құрылған.
«Қытайда оқып келген түлектердің жұмыс табуда қиындықтарға кезігетінін байқадық. Сондықтан қауымдастықты құрып, Қытай университеттерін тәмамдаған және қытай немесе ағылшын тілдерін меңгерген мамандарға Қазақстандағы қытайлық компаниялардан жұмыс табуға көмектесуді мақсат еттік», – деді ол.
Сондай-ақ оның айтуынша, биыл жәрмеңкеге қатысатын компаниялар саны өткен жылмен салыстырғанда екі есеге жуық артқан. Былтыр 12 кәсіпорын қатысса, биыл олардың саны 25-ке жеткен.
«Қазір қытайлық компанияларға аудармашылардан гөрі инженерлер, IT мамандары мен бухгалтерлер көбірек қажет. Жұмыс берушілер үшін тіл білу және тиісті сала бойынша дипломның болуы маңызды. Кейбір компаниялар тәжірибесі жоқ жас мамандарды да жұмысқа қабылдап, өздері үйретуге дайын», – деді Айгерім Нигметжан.
Ол Қытайда білім алған қазақстандық түлектердің екі елдің мәдениеті мен іскерлік қарым-қатынас ерекшеліктерін жақсы түсінуі үлкен артықшылық екенін атап өтті. Мұндай мамандар қазақстандық және қытайлық компаниялар арасындағы байланысты нығайтуға көмектеседі.

Еуразия ұлттық университеті Филология факультеті Қытай филологиясы кафедрасының меңгерушісі Қарипхан Асыл жәрмеңкеге 4-курс студенттері мен 1–2-курс магистранттарын арнайы алып келген. Оның айтуынша, мұндай шаралар жастарға болашақ жұмыс берушілермен танысып, өз білімдері мен қабілеттерін көрсетуге мүмкіндік береді.
«Бұл жәрмеңке студенттеріміздің болашақта жұмысқа орналасуына, өз білімін, қабілеті мен кәсіби дағдыларын танытуына үлкен мүмкіндік береді. Сондықтан біз жыл сайын студенттерімізді осындай шараларға қатыстырып, олардың еңбек нарығындағы мүмкіндіктерін кеңейтуге тырысамыз», – деді ол.
Кафедра меңгерушісінің сөзінше, Қытай филологиясы мамандығын бітірген түлектер қытай тілін қажет ететін компаниялар мен оқу орталықтарында жұмыс істей алады. Оқу барысында студенттер қытай тілін жоғары деңгейде меңгеріп, кәсіби ортада қолдануға қажетті білім алады.
«Қытай тіліне деген сұраныс жыл сайын артып келеді. Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда, медицина, білім беру және басқа да салалардағы байланыстардың дамуы жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етуде. Қытайлық компаниялар мен кәсіпорындардың Қазақстанда көбеюі біздің студенттер үшін де жаңа мүмкіндіктерге жол ашады», – деп атап өтті Қарипхан Асыл.

Soluxe Hotel Astana қонақүйінің кадр бөлімінің басшысы Айтолқын Кеңесованың айтуынша, бос жұмыс орындары жәрмеңкесі жұмыс берушілерге қажетті мамандарды тікелей кездестіріп, олардың кәсіби және жеке қабілеттерін бағалауға мүмкіндік береді.
«Бізге қытай тілін меңгерген мамандар қажет. Сондықтан мұндай жәрмеңкелердің пайдасы зор. Үміткерлермен бетпе-бет сөйлесіп, олардың тіл білу деңгейін, өзін ұстауын, қарым-қатынас жасау қабілетін бағалай аламыз. Бұл жұмыс іздеушілерге де, жұмыс берушілерге де өте ыңғайлы», – деді ол.
Оның сөзінше, бес жұлдызды қонақүй мен оның үш мейрамханасында әртүрлі бағыттағы мамандарға сұраныс бар. Мәселен, ресепшн қызметкерлерінен ағылшын тілін білу талап етілсе, басшылардың көмекшілері мен аудармашыларына қытай тілін меңгеру маңызды.
Айтолқын Кеңесова студенттер үшін ауысымдық жұмыс кестесінің қолайлы екенін де атап өтті. Ал тазалық және ыдыс жуу қызметкерлерін табу кейде қиындық туғызады. Сонымен қатар, қонақүйде кадр іріктеу Қазақстанның еңбек заңнамасы мен талаптарына сәйкес жүргізіледі.
Айта кетейік, жәрмеңкеде энергетика, құрылыс, өндіріс, тау-кен өнеркәсібі, технология және ауыл шаруашылығы салаларындағы кәсіпорындар бос жұмыс орындарын ұсынып, үміткерлерге қойылатын талаптар мен мансаптық өсу мүмкіндіктерін таныстырды.

