Астана әкімі Жеңіс Қасымбек қаладағы қоғамдық мүлікке ұқыпты қарауға шақырды, деп хабарлайды ult.kz.
Әкімнің айтуынша, қалада тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру үшін күн сайын абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Алайда қоғамдық кеңістіктерге зиян келтіру жағдайлары да кездеседі.
«Жекелеген жауапсыз азаматтар аялдама павильондарын, қоқыс жәшіктерін, орындықтарды, мүсіндерді және басқа да абаттандыру элементтерін бүлдіреді. Олардың арасында кәмелетке толмағандар да бар», – деп жазды Жеңіс Қасымбек.
Ол Мемлекет басшысының құқықтық нигилизмге бүкіл қоғам болып қарсы тұру қажет екенін атап өткенін еске салды.
Әкімнің сөзінше, қоғамдық мүлікке деген көзқарас адамның мәдениеті мен тәрбиесінің көрсеткіші саналады. Қала инфрақұрылымын бүлдіру тек елордаға материалдық шығын келтіріп қоймай, тұрғындар мен қала қонақтарына да қолайсыздық туғызады.
«Қоғамдық мүлікке ұқыпты қарау – әр адамның азаматтық жауапкершілігінің көрінісі. Қалада жасалып жатқан барлық нысан ең алдымен адамдарға қолайлы жағдай жасау үшін қажет», – деді әкім.
Оның мәліметінше, бөтеннің және коммуналдық мүлікті бүлдіргені немесе жойғаны үшін 143 адам жауапкершілікке тартылған. Сонымен қатар қоғамдық орындарды ластауға байланысты 928 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелген.
Қасымбек есірткі заттарын жарнамалау мақсатында салынатын граффитилерді жою бойынша да жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты.
Қала әкімдігі полициямен бірлесіп қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Көшелердегі бейнебақылау камераларының саны да жыл сайын артып келеді.
«Бірде-бір құқық бұзушылық жазасыз қалмайды. Қоғамда заң бұзушылықтарға нөлдік төзімділік пен қоғамдық айыптау қалыптасуы керек», – деп жазды Астана әкімі.
Оның айтуынша, заңға сәйкес қоғамдық тәртіпке қарсы әрекеттер үшін қылмыстық жауапкершілікке дейін жаза қолданылуы мүмкін. Кәмелетке толмағандар құқық бұзған жағдайда олардың ата-аналары да жауапқа тартылады.
Жеңіс Қасымбек елорда тұрғындары мен қонақтарын қалаға ұқыпты қарауға шақырды.