Freedom Inside '26

«Әскери комиссариат қызметкері» болып киінген блогер жауапқа тартылды

«Әскери комиссариат қызметкері» болып киінген блогер жауапқа тартылды
Видеодан скриншот

Әлеуметтік желіде әскери комиссариат қызметкерінің кейпіне еніп, көшедегі жас жігітті қорқытқан блогер әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды ult.kz.

Желіде тараған видеода полицияға ұқсас арнайы киім киген ер адам орындықта отырған жігіттің жанына келіп, оны қорқытады. Өзін әскери комиссариат қызметкерлері іздеп жүр деп ойлаған жас жігіт оқиға орнынан қашып, қуғыннан құтылмақ болып өзенге секірген. Видеодағы рөлді блогер Біржан Әубәкіров сомдаған.

Оқиғаға байланысты Байқоңыр ауданының полиция басқармасы тексеру жүргізіп, видеодағы азаматтың жеке басын анықтады.

– Аталған дерек бойынша құқық бұзушыға қатысты ұсақ бұзақылық фактісі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Сондай-ақ азаматтардың өмірі мен қауіпсіздігіне қатер төндіру және арнайы нысанды айырым белгілері бар киімді заңсыз кию деректері де ескерілді, – деп хабарлады полиция.

Құқық бұзушы уақытша ұстау изоляторына қамалып, іс материалдары әкімшілік соттың қарауына жолданды.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда адамдарды келісімінсіз фото және видеоға түсіруге, сондай-ақ пранк ұйымдастыруға қатысты жауапкершілікті күшейту туралы ұсыныстар айтылған болатын. Соңғы уақытта мұндай «әзілдердің» бірқатары қоғамда қызу талқыланып, құқықтық салдарға әкеліп жатыр.