Ақтау тұрғындары қалаға келген әлемге әйгілі актер Джеки Чанның әлеуметтік желідегі парақшасына жаппай пікір қалдырып, өңірдегі көптен бері шешілмей келе жатқан ауыз су мәселесіне назар аударуды сұрады, деп хабарлайды ult.kz.
Желі қолданушыларының бірі актерге арнаған жазбасында: «Құрметті Джеки Чан! Ақтау қаласына қош келдіңіз! Сізді дана әрі құрметті актер ретінде білеміз. Бірақ біздің үйде әр жаз сайын ауызсу болмайды. Бұл мәселе жылдан-жылға қайталанып келеді. Бұл – Ақтау тұрғындары үшін үлкен проблема», – деп жазған.
Кейбір тұрғындар халықаралық деңгейдегі жұлдыздың көмегімен жергілікті мәселеге назар аудартуға тырысса, енді бірі әлеуметтік желілер мен өңірлік чаттарда қала әкімдігінің өткен жылы берген уәделерін еске салған.
Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ануар Туляковтың айтуынша, өңірдегі су тапшылығының негізгі себебі – су ресурсының аздығы емес, ескірген су құбырлары. Оның сөзінше, қазіргі уақытта тозығы жеткен инженерлік желілерді кезең-кезеңімен толық жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Айта кетейік, Ақтаудағы ауыз су мәселесі соңғы жылдары жаз мезгілі басталған сайын қайта көтеріліп, тұрғындардың басты мәселелерінің біріне айналып келеді.