Жуырда анасынан айырылған Анна Данченко қартайған ата-анаға қамқор болу туралы ойын бөлісті. Ол жас отбасының бөлек тұруын қолдайтынын, алайда мұны ата-ананы қараусыз қалдырумен шатастырмау керегін айтты, деп хабарлайды ult.kz.
Данченконың жазбасына эфирде Айжан есімді қатысушының болашақта ұлы бөлек тұруды қаласа, қарсы болмайтыны туралы пікірі себеп болған. Оның айтуынша, ата-ананың күш-қуаты бар кезде жастардың өз алдына шаңырақ көтеріп, отбасылық жауапкершілікті сезінгені дұрыс.
Алайда жасы ұлғайып, күтімге мұқтаж болған адамның жағдайы бөлек екенін жеткізді.
“Жасы 80-ге келген адамға қарау — жай ғана бірге тұру емес. Үлкен кісінің көңілін табу, тамағын беру, күтімін жасау, қажет кезінде жанынан табылу бар. Ондай жаста ер баланың ғана емес, келіннің де көмегі өте қажет болады”, – деп жазды ол.
Оқырмандардың “Қызы ғана бар аналарға кім қарайды?” деген сауалына да жауап берген. Данченконың пікірінше, мұндай жағдайда қызы мен күйеу баласы қамқорлық танытуы керек. Ол міндетті түрде бір үйде тұру шарт емес екенін, ең бастысы, үлкен кісіні жалғыз қалдырмай, жағдайын жасау керегін атап өтті.
Жазба авторы өз отбасындағы жағдайды да мысалға келтірді. Ағасы мен жеңгесі болғанымен, ата-анасы жас отбасының бөлек тұрғанын құп көрген. Ал әкесі қайтыс болғаннан кейін анасын өзі қасына алған.
“Анам төрт жыл төсек тартып жатты. Әрі қарай түсінерсіздер… Бірақ ол — менің Анам. Оған қызмет ету, жанында болу, перзенттік парызымды орындау, батасын алу — мен үшін бұдан асқан бақыт жоқ”, – деп бөлісті Данченко.
Ол анасының “Алла күніңді ешкімге қаратпасын…” деген сөзін қазір бұрынғыдан да терең түсінетінін жазды. Адамның қартайғанда қандай жағдайда боларын ешкім алдын ала білмейтінін еске салды.
“Балаға еркіндік беру керек. Өз отбасын құрсын, бөлек тұрсын, өз өмірін сүрсін. Бірақ қандай жағдай болса да, ата-анасын ешқашан қараусыз қалдырмасын”, – деп түйіндеді ол.
Айта кетейік, Анна Данченко анасының қазасынан кейін жан сырын ақтарды.
Анна Данченко кім?
Анна Данченко – қазақстандық журналист, тележүргізуші, продюсер әрі оқытушы. Телевизиядағы еңбек жолын 2006 жылы Ақтөбедегі “РИКА ТВ” арнасында “Арайлы таң” бағдарламасын жүргізуден бастаған. Балаларға тіл үйретуге арналған “Айналайын” бағдарламасының авторы әрі жүргізушісі болған.
2009–2019 жылдары “31 арнада” тілші, “Информбюро” жаңалықтарының жүргізушісі және телевизиялық жобалардың продюсері болып жұмыс істеген. Көрерменге “Айта берсін”, “Жұлдызды шаңырақ”, “Сәт сапар” бағдарламалары арқылы таныс. 2019 жылы Anna Danchenko Production компаниясын құрған. 2026 жылдың қыркүйегінен бастап “QosLike” бағдарламасын жүргізеді.
Анна ағылшын және неміс тілдері бойынша жоғары білім алған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде шетел филологиясы мамандығы бойынша магистратураны үздік аяқтаған. 2011 жылдан бері осы университетте ғылыми-педагогикалық қызметпен айналысады. “Шапағат” медалімен марапатталған.