Белгілі тележүргізуші Дана Нұржігіттің ұлы Әлім анасының “Көлеңке” кітабының тұсаукесерінде сөз сөйлеп, отбасы басынан өткерген ауыр кезеңді еске алды, деп хабарлайды ult.kz.
Кітаптың таныстырылымында Әлім анасына жүрекжарды тілегін арнап, оның жаңа туындысының қоғам үшін маңызы зор екенін атап өтті.
Ол “Көлеңке” кітабын жай ғана шығарма емес, сталкинг мәселесіне тап болған адамдарға бағыт-бағдар беретін еңбек деп бағалады.
“Ең алдымен өз анамды құттықтағым келеді. Анам екеуміз көрген қиындықты жауыма да тілемеймін. Бұл білім туралы кітап емес, бұл – инструкция. Сталкинг – әлеуметтік мәселе. Мұндай жағдайды тек анам екеуміз ғана бастан өткерген жоқпыз. Қазақстанда мұндай оқиғалар көп”, – деді Әлім.
Осылайша, тележүргізушінің ұлы анасының басынан өткен жағдайдың бір отбасының ғана мәселесі емес екенін жеткізіп, қоғам назарын сталкингтің зардаптарына аударды.
Айта кетейік, Дана Нұржігіт бұған дейін екінші рет тұрмыс құруды жоспарлаған кезеңде сталкингке тап болғанын мәлімдеген еді.
Тележүргізушінің “Көлеңке” атты кітабы осы тақырыпты көтеріп, адамның жеке шекарасын бұзу, қудалау және оның салдары туралы қоғамда ашық әңгіме қозғауды мақсат етеді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Дана Нұржігіт алғашқы некесі мен ұлына қатысты жеке өміріндегі жайттарды ашық айтып берген еді.