Шұғыла шағынауданында ауысымына 500 адам қабылдай алатын заманауи емхананың құрылысы жалғасуда. Жаңа нысан қарқынды дамып келе жатқан аудан тұрғындары үшін медициналық көмектің қолжетімділігін арттырады, деп хабарлайды ult.kz.
Ғимараттың жалпы алаңы 12,7 мың шаршы метр. Мұнда педиатрия, терапия және хирургия бөлімшелері, әйелдер консультациясы, күндізгі стационар және оңалту орталығы орналасады.
Медициналық мекеме заманауи құрылғылармен жабдықталады: мұнда МРТ, КТ, маммография, рентген кабинеттері және автоматтандырылған зертхана жұмыс істейді.
Тұрғындарға ыңғайлы болу үшін балалар мен ересектерге арналған жеке кіреберістер, сондай-ақ мобильділігі төмен азаматтарға арналған пандустар мен жеделсатылар қарастырылған.
Қазір құрылыс-монтаж жұмыстарының шамамен 40% орындалды. Сонымен қатар, аумақты көріктендіру және көгалдандыру жұмыстары қолға алынған. Құрылысты 2026 жылы қараша айында аяқтау жоспарланған.
Жаңа нысан Наурызбай ауданының тұрғындары үшін медициналық көмекті жақын әрі жайлы етуге мүмкіндік береді.