Алматыда жылыту маусымы қашан басталатыны белгілі болды

Алматыда жылыту маусымы қашан басталатыны белгілі болды
Фото: Нейрожелі арқылы жасалды

Алматыда ауа райының күрт салқындауына байланысты биыл жылыту маусымы әдеттегіден ерте басталады. 9 қазаннан бастап қаладағы нысандар орталық жылу жүйесіне кезең-кезеңімен қосылады, деп хабарлайды ult.kz.

Алдымен әлеуметтік маңызы бар нысандар – балабақшалар, мектептер мен медициналық ұйымдар жылуға қосылады. Бұдан кейін көппәтерлі тұрғын үйлерді орталық жылу жүйесіне қосу жұмыстары басталады.

Жылу үйге берілгеннен кейін ПИК пен МИБ мамандары ішкі жылыту жүйесін реттейді. Атап айтқанда, радиаторлар мен тікқұбырлардағы ауа шығарылып, жүйедегі қысым реттеледі. Бұл пәтерлердің біркелкі жылынуына мүмкіндік береді. 

Қаладағы жылу желілерінде айналым режимі алдын ала іске қосылған. Коммуналдық қызметтер ықтимал ақауларды жедел жою үшін қажетті материалдар мен жабдықтардың қорын да дайындаған. Жылу барлық нысанға бір мезетте емес, техникалық мүмкіндікке қарай кезең-кезеңімен беріледі. 

Әдетте Алматыда жылыту маусымын бастау кезінде сыртқы ауаның орташа тәуліктік температурасы ескеріледі. Егер ол бес тәулік бойы +8 градус немесе одан төмен деңгейде сақталса, қаланы жылуға қосу туралы шешім қабылданады.