Алматыда пышақтасудан кейін алты күдікті ұсталды

Алматыда пышақтасудан кейін алты күдікті ұсталды
instagram/almaty.police

Алматыда көшедегі жанжалдан кейін полиция алты күдіктіні жедел түрде қолға түсірді, деп хабарлайды ult.kz.

Қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға Ақсай ықшамауданында түн ортасында болған. «102» арнасына көшеде қолында пышағы бар бір топ жігіттің жүргені туралы хабарлама түскеннен кейін оқиға орнына полиция жасақтары жіберілген.

Полицейлер келген кезде жанжал салдарынан бір жігіттің пышақ жарақатын алғаны анықталды. Жедел іздестіру шараларының нәтижесінде оқиғаға қатысы болуы мүмкін деген күдікпен алты жас жігіт ұсталды.

Тергеу барысында күдіктілердің кейбірінің киімінен қанға ұқсас іздер анықталып, іс үшін маңызды болуы мүмкін бірқатар заттай айғақ тәркіленді.

Ұсталғандардың барлығы тергеу әрекеттерін жүргізу үшін Әуезов аудандық полиция басқармасына жеткізілді.

Қазір тәртіп сақшылары жанжалдың шығу себептерін, оқиғаның толық мән-жайын, әрбір қатысушының әрекетін және пышақ жарақатын салған адамды анықтап жатыр. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.