Алматыда Гарвард, Оксфорд және Кембридж шахматшылары бас қосады

Алматыда Гарвард, Оксфорд және Кембридж шахматшылары бас қосады
ЖИ

2026 жылғы 3–10 тамыз аралығында Алматыда студенттер арасындағы командалық шахматтан әлем чемпионатының финалы – FIDE World University Team Chess Championship өтеді. Турнирге әлемнің жетекші университеттерінің үздік командалары қатысады, деп хабарлайды ult.kz.

Финалдық кезеңде чемпиондық үшін Гарвард, Оксфорд, Кембридж және Пекин университеттері арнайы шақыртумен (wild card) бақ сынайды. Сонымен қатар іріктеу кезеңінен өткен Сент-Луис университеті, Далластағы Техас университеті, Вебстер университеті, Орал тау-кен университеті, Афины ұлттық техникалық университеті, Чили университеті және Гунадарма университетінің командалары да қатысады.

Қазақстан атынан жарысқа әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен wild card иегері – Қазақ ұлттық спорт университеті қатысады. Тағы үш арнайы шақырту иесінің есімі кейінірек белгілі болады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, әлемдік деңгейдегі бұл дода Қазақстанның халықаралық беделін арттырып қана қоймай, жастар және іскерлік туризмнің дамуына да тың серпін береді. Алматыға әлемнің түкпір-түкпірінен жүздеген шахматшы, оқытушы және жанкүйер келіп, еліміздің мәдениетімен, табиғатымен және қонақжайлығымен танысуға мүмкіндік алады.