Алматыда 50-ден астам полицей донор болды

Алматыда 50-ден астам полицей донор болды
gov.kz

Әлеуметтік желілерде балаға көмек көрсету туралы тараған үндеуге Алматы қаласының полиция қызметкерлері бірден қолдау білдірді, деп хабарлайды ult.kz.

Бүгін Алматы қаласы полиция департаментінің арнайы жылдам қимылдайтын арнайы жасағының 50-ден астам қызметкері қан тапсырды. Олардың әрқайсысын ортақ мақсат біріктірді — қазір көмекке аса мұқтаж кішкентай науқасты қолдау.

Полиция қызметкерлері күн сайын сабырлықты, батылдықты және кез келген сәтте көмекке келуге дайын болуды талап ететін міндеттерді атқарады. Ал бүгін олардың көмегі басқа қырынан қажет болды. Олар донор ретінде бір адамға ең қымбат сыйды, өмір сүруге мүмкіндік беретін үмітті ұсынды.

Алматы қаласы ПД жылдам қимылдайтын арнайы жасағының командирі Азамат Исергужин балаға қолдау көрсету туралы шешімнің еш ойланбастан қабылданғанын атап өтті.

— Баланың өмірі мен денсаулығына қатысты мәселе тұрғанда, бейжай қалуға болмайды. Үндеуді көріп, көмектесуіміз керек деп шештік. Қызметкерлеріміздің әрқайсысы үшін бұл жай ғана қан тапсыру емес. Бұл кішкентай бала мен оның отбасына шын мәнінде маңызды көмек көрсетуге берілген мүмкіндік. Біздің қанымыз баланың осы қиын кезеңнен өтуіне сеп болып, тезірек сауығып кетуіне ықпал етеді деп үміттенеміз, – деді Азамат Исергужин.

Алматы қаласының полиция департаментінде полиция қызметкерлері азаматтарға тек қызметтік міндеттері аясында ғана емес, адамдық тұрғыдан да қолдау көрсетуге дайын екендерін атап өтті.

Көмек көрсету, жанашырлық таныту және қиын сәтте қол ұшын созуға дайын болу – мамандығына қарамастан адамдарды біріктіретін құндылықтар.