Алматы облысында 17 жастағы оқушы көз жұмды

Алматы облысында 17 жастағы оқушы көз жұмды
Фото: әлеуметтік желі

Алматы облысында 17 жастағы 11-сынып оқушысы Ясмина Ізімжанның қазасына қатысты жаңа мәліметтер айтылды, деп хабарлайды ult.kz.

Марқұмның туыстарының сөзінше, Ясмина бұған дейін 19 жастағы жігітпен қарым-қатынаста болған. Осыдан кейін мектеп мұғалімі тарапынан қызға қысым жасалған. Отбасы бұл жағдайдың оқушының өліміне қатысы бар-жоғын тексеруді сұрап отыр.

Жақындарының айтуынша, мұғалім қыздың ата-анасын мектепке шақыртатынын, әлеуметтік желідегі жарияланымдары үшін сотқа жүгінуі мүмкін екенін ескерткен. Сонымен қатар Ясмина жігітпен қарым-қатынасын тоқтататыны туралы жазбаша қолхат беруге мәжбүр болған.

Қыз қайтыс болғаннан кейін «Анашым, әкешім, мен сендерді жақсы көремін. Менің басқа амалым болмады» деген қысқа жазба қалған.

Туыстарының айтуынша, қайғылы оқиғаға төрт айға жуық уақыт өтсе де, тергеу нәтижесі оларды қанағаттандырмай отыр. Сондай-ақ қысым көрсетті деп отырған мұғалімнің әлі де мектепте жұмыс істеп, сабақ беріп жүргеніне алаңдаулы.

Марқұмның жақындары істің барлық мән-жайы толық анықталып, кінәлілер жауапқа тартылуын талап етуде.