«Қазгидромет» болжамы бойынша Қазақстанның бірқатар өңірлерінде +40…+41°C-қа дейін қатты аптап ыстық сақталады, деп хабарлайды ult.kz.
Елдің түрлі өңірлерінде, соның ішінде Астана, Алматы және Шымкент қалаларында жаңбыр, найзағай, бұршақ және 15–23 м/с-қа дейін жететін екпінді жел күтіледі.
Елдің көптеген өңірлерінде жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады.
ТЖМ қауіпсіздік шараларын сақтауға және ауа райы туралы ескертулерді қадағалап отыруға шақырады.
«Қазгидромет» мамандары еліміздің көптеген өңіріне қатысты дауылды ескерту жариялады. Синоптиктердің болжамынша, алдағы күндері Қазақстанның бірнеше облысында ауа температурасы 40 градустан асып, өрт қаупі күшейеді.
19-20 маусым күндері Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында күндіз ауа температурасы 30-35 градусқа дейін көтеріліп, кей жерлерде 38 градусқа жетеді. Осы кезеңде Алматы және Жетісу облыстарында да 30-38 градус аралығындағы қатты ыстық сақталады.
Ал Қызылорда, Түркістан және Жамбыл облыстарында 19-21 маусым аралығында күндіз 35-40 градусқа дейін аптап ыстық күтіледі. Сонымен қатар, 20 маусымда Атырау облысының оңтүстігінде, 20-21 маусымда Ақтөбе облысының оңтүстігінде ауа температурасы 40-41 градусқа дейін көтеріледі. Осындай өте қатты ыстық 21 маусым күні Қостанай және Ұлытау облыстарының оңтүстігінде де болжанып отыр.
Синоптиктердің мәліметінше, жоғары температураға байланысты еліміздің басым бөлігінде жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады.
Астанада 19 маусымда кей уақыттарда жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, күндіз бұршақ түсуі мүмкін. Солтүстік-шығыстан соғатын желдің екпіні күндіз 15 м/с-қа дейін жетеді. Сонымен қатар, ауа температурасы 35 градусқа дейін көтеріліп, қатты ыстық болады.
Алматыда күндіз өткінші жаңбыр мен найзағай күтіледі. Қала аумағында жоғары өрт қаупі сақталады. Шымкентте де өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Солтүстік-шығыстан соғатын желдің екпіні 15-20 м/с-қа дейін күшейеді.
Түркістан және Жамбыл облыстарының таулы және тау бөктеріндегі аудандарында жаңбыр жауып, найзағай, бұршақ және дауыл болуы ықтимал. Кей жерлерде қатты жаңбыр күтіледі. Желдің екпіні 23 м/с-қа дейін жетуі мүмкін.
Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Ұлытау және Қарағанды облыстарының бірқатар аудандарында жаңбыр, найзағай, бұршақ және дауыл болжануда. Кей өңірлерде желдің екпіні 15-20 м/с-қа дейін күшейеді.
Шығыс Қазақстан, Абай, Қызылорда, Жетісу және Алматы облыстарында да аптап ыстық сақталып, жоғары және төтенше өрт қаупі жарияланған. Қызылорда облысының солтүстігінде күндіз ауа температурасы 42 градусқа дейін жетуі мүмкін.
Мамандар тұрғындарды ауа райының қолайсыз құбылыстары кезінде қауіпсіздік шараларын сақтауға, ашық отты пайдаланудан барынша бас тартуға және төтенше жағдайлар қызметінің ескертулеріне құлақ асуға шақырды.