Жамбыл облысының Қордай ауданында қаза болған 14 жастағы Қуаныштың туыстары оның өліміне дейін мектепте мұғаліммен түсініспеушілік болғанын айтып отыр, деп хабарлайды ult.kz.
Отбасының мәліметінше, оқиға 25 ақпанда Қаракемер ауылында болған. Алгебра сабағында оқушы тақтадағы жазбаны суретке түсірмек болған кезде кадрға мұғалім де байқамай түсіп қалған. Осыдан кейін педагог 200 мың теңге көлемінде айыппұл салынуы мүмкін екенін айтып, түсініктеме жазуды және әкесін мектепке шақыртуды талап еткен.
Туыстарының сөзінше, осыдан кейін Қуаныш мектептен шығып, үйіне оралмаған. Кейін оның денесі қорадан табылған.
Қайғылы оқиғадан жеті айдан астам уақыт өткен соң отбасы бұл жағдайды жариялап, оқушының өліміне дейінгі мән-жайды толық әрі объективті тексеруді сұрады.
Полиция жасөспірімнің қаза болу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Қазір тергеу жүріп жатыр.