Оқу-ағарту министрінің міндетін атқарушы Жұлдыз Сүлейменова Алматыдағы «Абай ұлттық мектебіне» барып, мектеп түлектері, педагогтері және оқушыларымен кездесті, деп хабарлайды ult.kz.
Алдымен министрдің міндетін атқарушы мектеп түлектерімен жүздесті. Олардың қатарында журналистер, айтыскерлер және қоғам қайраткерлері болды. Кездесу ашық сұрақ-жауап форматында өтті.
Түлектер соңғы күндері әлеуметтік желілерде мектепке қатысты көтерілген мәселелер бойынша сауалдарын қойды. Атап айтқанда, аудит қорытындысы, мектеп басшылығындағы өзгерістер және оқу процесінің қазіргі жағдайы талқыланды.
Жұлдыз Сүлейменова қойылған сұрақтарға жауап беріп, көтерілген мәселелерді ашық талқылады.

Кейін министрдің міндетін атқарушы мектеп педагогтерімен кездесті. Ұстаздар оқу процесін ұйымдастыру, мектептің күнделікті жұмысы және ішкі мәселелер бойынша сұрақтарын қойды. Министрлік өкілі педагогтердің ұсыныстары мен пікірлерін тыңдады.
Сондай-ақ Жұлдыз Сүлейменова мектеп ғимараты мен жатақхананы аралап, оқушыларға жасалған жағдаймен танысты. Ол оқушылармен сөйлесіп, олардың оқу барысы мен мектептегі өмірі туралы пікірлерін тыңдады.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, қазіргі таңда «Абай ұлттық мектебі» штаттық режимде жұмыс істеп, оқу процесі қалыпты жалғасып жатыр.
Бұған дейін Оқу-ағарту министрлігі "Абай ұлттық мектебіне" қатысты түсініктеме берген еді.