"Абай ұлттық мектебіне" қатысты жарияланған материалда көтерілген мәселелер Оқу-ағарту министрлігінің бақылауында, деп хабарлайды ult.kz.
Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі Орта білім комитеті төрағасының міндетін атқарушы Жомарт Карамбаев мәлімдеді.
Оның айтуынша, мектепке жүргізілген аудит 2023 жылғы 1 қаңтардан 2025 жылғы 31 желтоқсанға дейінгі кезеңді қамтыған. Аудит қорытындысы 9 шілдеде министрліктің ресми ресурсында жарияланған.
– Ең алдымен, мектеп басшысыз қалған жоқ. Қазіргі уақытта директордың міндетін атқарушы белгіленген, білім беру процесінің үздіксіздігі қамтамасыз етілді. Мектептің бұрынғы басшылығы 2026 жылғы мамыр-маусым айларында жүргізілген ішкі мемлекеттік аудит аяқталғаннан кейін өз еркімен қызметтен кетті, – деді Карамбаев.
Тексеру нәтижесінде жалпы сомасы 10,8 млрд теңгеден астам бұзушылық анықталған. Оның 10,4 млрд теңгесі қаржылық бұзушылықтарға жатады.
Атап айтқанда, 10,2 млн теңге бюджетке қайтарылуы, ал 10,4 млрд теңге қалпына келтірілуі тиіс. Сонымен қатар 370,6 млн теңге көлемінде рәсімдік бұзушылық тіркелген.
– Аудит нәтижесі бойынша құқық қорғау органдарына шешім қабылдау үшін 4 материал жолданды. Сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша 24 айыппұл салуға қатысты құжаттар жіберілді. Нақты тұлғалардың кінәсі мен жауапкершілігі уәкілетті органдардың құзырында, – деді Орта білім комитеті төрағасының міндетін атқарушы.
Жомарт Карамбаев тұрақты директорды тағайындау мәселесі де қарастырылып жатқанын айтты. Бұл ретте 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енген "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" жаңа заң талаптары ескеріліп отыр.
Заңның 89-бабына сәйкес мемлекеттік заңды тұлғалардағы басқарушылық лауазымдарға қабылдау конкурс арқылы жүзеге асырылады. Конкурс өткізу тәртібін мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган Қазақстан Республикасы Үкіметінің аппаратымен келісіп бекітуі тиіс.
– Қазір тиісті қағидалар бекітілу рәсімінен өтіп жатыр. Олар күшіне енгенге дейін министрліктің конкурс өткізуге немесе тұрақты директорды тікелей тағайындауға құқықтық негізі жоқ. Конкурстан тыс тағайындау заң талаптарын бұзады. Қағидалар күшіне енгеннен кейін директордың бос лауазымына ашық конкурс жарияланады. Қазір Оқу-ағарту вице-министрі Жайық Шарабасов, Қаржы және мемлекеттік сатып алу департаменті директорының орынбасары Елнар Сабыр және Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының вице-президенті Гүлшат Мұхтарханова "Абай ұлттық мектебінде" жұмыс жүргізіп жатыр. Министрліктің өкілдері мектептегі оқу процесінің ұйымдастырылуын бақылайды. Осыған байланысты ата-аналарды, педагогтерді, оқушыларды және мектеп түлектерін ресми ақпаратқа сүйенуге, тексерілмеген мәліметтерді таратпауға және асығыс қорытынды жасамауға шақырамыз. Жүргізіліп жатқан жұмыстың қорытындысы бойынша қосымша ақпарат беріледі, – деп түйіндеді ол.