АҚШ-та жергілікті тұрғындар нағыз ғажайып деп атап кеткен оқиға болды. 82 жастағы әйел сәтсіз құлағаннан кейін өз үйіндегі жуынатын бөлмеде тоғыз күнге жуық қамалып қалған. Соған қарамастан, ол аман қалды, деп хабарлайды ult.kz New York Post басылымына сілтеме жасап.
Оқиға Клайд қаласында болған. Джоан Ривет 2023 жылы күйеуі қайтыс болғаннан кейін жалғыз өзі тұрған. Бір күні ол ұйықтауға дайындалып жатқан кезде жуынатын бөлмеде тайып кеткен. Зейнеткер шалқасынан ваннаға құлап, сонымен бірге перде карнизін және ауыр пердені жұлып кеткен. Омыртқасы қатты ауырғандықтан, ол орнынан тұра алмаған және ваннаның биік жиегінен өздігінен шыға алмаған.
Осы уақыт ішінде әйел көмекке шақырғанымен, оны ешкім естімеген. Оның жанындағы жалғыз тіршілік иесі Фиби есімді мысық болған. Ол жуынатын бөлменің сыртында аянышты түрде мияулаған.
Тамақ ішпей 9 күн жатты
Қамалып қалған әйел біртіндеп әлсіреп, бірнеше рет есінен танып қалған. Оның аман қалуына қарапайым су көмектескен. Қатты ауырғанына қарамастан, әйел аяғымен кранға әрең жетіп, оны ашқан. Осылайша бетіне аққан суды ішіп отырған.
Құтқарылуына туыстары себеп болды
Зейнеткердің Джорджия штатында тұратын ағасы Билл Леско оның жағдайына алаңдаған. Ол бірнеше күн бойы әпкесіне хабарласуға тырысқанымен, қоңырауларына жауап болмаған. Осыдан кейін ер адам көршілерінен оның үйін тексеруді сұраған. Бұл да нәтиже бермеген соң, Билл Хэйвуд округі шерифінің кеңсесіне жүгінген.
Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері Джоан Риветті жуынатын бөлмеден жартылай ес-түссіз күйде тапқан.
Дәрігерлер оның қатты сусызданғанын, әлсірегенін және бір қалыпта ұзақ уақыт жатуына байланысты денесінде көптеген ойылу жаралары пайда болғанын анықтаған. Бір қызығы, тоғыз күн бойы тамақ пен сусыз қалған Фиби есімді мысық та аман қалған.
Ем қабылдап, оңалтудан өткеннен кейін зейнеткер ағасының үйіне көшуді ұйғарған.
"Мен көп уақытымды дұға етумен өткіздім. Ваннадан қалай шығуға болатынын түсінуге тырыстым және әлі тірі болғаным үшін Жаратқанға шүкіршілік еттім. Ең жаман нәрселер туралы ойламауға тырыстым, өйткені бір рет сол ойларға беріліп кетсең, одан кейін қалай шығатыныңды білмейсің", – деді америкалық әйел басынан өткен оқиғамен бөлісіп.