4,2 млн қазақстандықтың дерегі тарады ма? Daryn.online ақпаратқа жауап берді

4,2 млн қазақстандықтың дерегі тарады ма? Daryn.online ақпаратқа жауап берді
ашық дереккөз

Әлеуметтік желілерде Daryn.online білім беру платформасын пайдаланушылардың жеке деректері таралып кеткені туралы ақпарат тарады. Алайда компания бұл мәліметтердің шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.

Мәселе ThreatMon платформасында жарияланған ақпараттан кейін туындаған. Онда белгісіз біреулер даркнет-форумдардың біріне Daryn.online платформасының 4,2 миллион пайдаланушысына қатысты деректер базасын орналастырғаны айтылған.

Жарияланған ақпаратқа сәйкес, базада оқушылардың, мұғалімдердің және әкімшілік қызметкерлердің жеке мәліметтері болуы мүмкін деген болжам жасалған. Атап айтқанда, пайдаланушылардың аты-жөні, телефон нөмірлері, электрондық пошта мекенжайлары, ЖСН, жасы, жынысы, құпиясөз хэштері, үлгерім туралы мәліметтері және IP-мекенжайлары көрсетілген.

Бұл ақпаратқа қатысты Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитеті тексеру жүргізіп жатқанын хабарлады.

«Қазіргі уақытта министрліктің Ақпараттық қауіпсіздік комитеті ашық дереккөздерде жарияланған ақпаратты зерделеп жатыр. Тексеру нәтижелері қосымша хабарланады», – деп мәлімдеді ведомство.

Ал Daryn.online өкілдері деректердің тарауы туралы ақпараттың бұған дейін де жарияланғанын және ол 2025 жылдың желтоқсанында тексерілгенін айтты.

Компания мәліметінше, мемлекеттік органдардың қатысуымен жүргізілген тексеру барысында пайдаланушылардың дербес деректерінің жылыстау фактісі расталмаған.

«Қазіргі уақытта таралып жатқан ақпарат бұрын тексерілген материалдарға негізделген және шындыққа жанаспайды», – деп хабарлады платформа өкілдері.

Daryn.online — мектеп оқушыларын ҰБТ және басқа да емтихандарға дайындауға арналған білім беру платформасы. Жоба 2019 жылы іске қосылған.