24 күн комада жатқан Нұржігіт ауруханадан шықты

24 күн комада жатқан Нұржігіт ауруханадан шықты
Видеодан скриншот

Жол апатынан ауыр жарақат алған Нұржігіт Қошанов Тараз қалалық көпбейінді ауруханасынан шығарылды. Бұл туралы экс-мәжілісмен Бақытжан Базарбек әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады, деп хабарлайды ult.kz.

Ол Нұржігіттің медициналық мекемеден шығарылған сәтінің видеосын жариялады.

«Нұржігітті Тараз қаласының қалалық көпбейінді ауруханасынан шығардық», – деді Бақытжан Базарбек.

Видеода Нұржігітті екі адам қолтықтап алып шыққаны көрінеді. Ол аурухана қызметкерлеріне алғысын айтып, қоштасқан.

Еске салайық, жол апаты 15 тамызда сағат 20:00 шамасында Жамбыл облысында болған. Полиция мәліметінше, Toyota көлігін басқарған Бақытжан Базарбек республикалық маңызы бар тасжолда болған 36 жастағы ер адамды қағып кеткен.

Апаттан кейін Нұржігіттің жағдайы аса ауыр болған. Ол алдымен Құлан ауылындағы ауруханада емделіп, кейін Тараз қалалық көпбейінді ауруханасына ауыстырылды.

Нұржігіт ауруханада 31 күн ем алып, 24 күн комада жатқаннан кейін есін жиған.