Freedom Inside '26

2026 жылы AI сервистері атын жамылған кибершабуылдар бес есе көбейді

2026 жылы AI сервистері атын жамылған кибершабуылдар бес есе көбейді
«Касперский зертханасы»

2026 жылдың қаңтар-сәуір айларында жасанды интеллект (AI) сервистерінің атын жамылған зиянды бағдарламалар арқылы шағын және орта бизнеске жасалған кибершабуылдар саны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда шамамен бес есе артты. Бұл туралы «Касперский зертханасы» хабарлады, деп жазады ult.kz.

Компания мәліметінше, осы төрт ай ішінде әлем бойынша шағын және орта бизнеске бағытталған 33 мыңнан астам шабуыл тіркелген. Қаскөйлер көбіне ChatGPT, Claude және DeepSeek сияқты танымал AI сервистерінің атауын пайдаланып, зиянды бағдарламаларды таратқан. Анықталған шабуылдардың 42 пайызы ChatGPT, 24 пайызы Claude, ал 20 пайызы DeepSeek атауымен байланысты болған.

Мамандардың айтуынша, мұндай шабуылдарда негізінен трояндық бағдарламалар қолданылады. Олар құрылғыға жасырын еніп, қосымша зиянды кодтарды жүктей алады, сондай-ақ пайдаланушылардың деректерін ұрлау, өзгерту немесе жою қаупін тудырады.

Бұдан бөлек, киберқылмыскерлер Telegram, WhatsApp және Zoom секілді кең таралған сервистердің атын жамылып та зиянды бағдарламалар таратып жатыр. Осы жылдың алғашқы төрт айында «Касперский зертханасының» шешімдері осындай 415 мыңға жуық шабуылды бұғаттаған.

Компанияның киберқауіпсіздік жөніндегі сарапшысы Василий Колесниковтың айтуынша, қызметкерлердің жасанды интеллект құралдарын күнделікті жұмыста жиі қолдануы алаяқтарға жаңа мүмкіндік ашып отыр. Сондықтан бағдарламаларды тек ресми көздерден жүктеп, сайт мекенжайларын мұқият тексеру және сенімді қорғаныс шешімдерін пайдалану маңызды.

Сарапшылар бизнеске киберқауіптерден қорғану үшін ақпараттық қауіпсіздік жүйелерін жаңартып, электрондық поштаны қорғау құралдарын енгізуді, қызметкерлерге қауіпсіздік талаптарын түсіндіруді және маңызды деректердің резервтік көшірмелерін тұрақты жасап отыруды ұсынады.

Зерттеу 2026 жылдың қаңтар-сәуір айларында «Касперский зертханасының» шағын және орта бизнесті қорғауға арналған шешімдері арқылы жиналған анонимдендірілген деректер негізінде жүргізілген.