«19 млн теңге қарызым бар»: Астанада аяғынан айырылған краншы әйел өтемақы талап етті

«19 млн теңге қарызым бар»: Астанада аяғынан айырылған краншы әйел өтемақы талап етті
ашық дереккөз

Астанада құрылыс алаңында мұнаралы кранды бөлшектеу кезінде кран машинисі биіктен құлап, оң аяғынан айырылды. Қазір үш баланы жалғыз тәрбиелеп отырған Ақмарал Қаралиева ауруханада жатыр. Ол жұмыс берушіден ұзақ мерзімді қаржылық өтемақы талап етіп отыр, деп хабарлайды ult.kz.

КТК арнасының хабарлауынша, оқиға 31 тамызда болған. Кранды бөлшектеу кезінде құрылым құлап, слесарь оқиға орнында қаза тапқан. Ал кран машинисі ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілген.

Ақмарал Қаралиеваның айтуынша, жұмысшыларға кран секцияларын екі-екіден шешу туралы нұсқау берілген. Осыдан кейін кран қатты шайқалып, ол биіктен құлап кеткен.

Жұмыс беруші әйелге мүгедектер арбасын алып берген және үш айлық жалақы көлемінде өтемақы төлеуге уәде еткен. Алайда Қаралиева еңбекке қабілеттілігінен айырылғанын айтып, тұрақты қаржылық қолдау көрсетілуін сұрап отыр. Оның жақында бөліп төлеуге пәтер алғаны, тұрғын үй бойынша қарызы 19 млн теңгеден асатыны да белгілі болды.

Компания оқиғаға қатысты пікір білдіруден бас тартқан.

Мемлекеттік еңбек инспекциясының мәліметінше, әйел ресми түрде жұмысқа қабылданған және сақтандыру шарты бар. Қазір арнайы комиссия апаттың себептерін анықтап жатыр. Тергеу аяқталған соң тиісті акт жасалып, сақтандыру төлемдерін рәсімдеу үшін сақтандыру компаниясына жіберіледі.

Медициналық-әлеуметтік сараптама әйелдің еңбекке қабілеттіліктен айырылу деңгейін анықтайды. Осы көрсеткішке қарай оған тиісті төлемдер тағайындалады.

Қаралиеваны осы аптада ауруханадан шығару жоспарланып отыр.