Ақмола облысының Степногорск қаласында прокуратура тексерісі барысында кәмелетке толмаған балалардың жеке деректерінің заңсыз жарияланғаны анықталды, деп хабарлайды ult.kz.
Қадағалау органының мәліметінше, бірқатар мектептер мен білім бөлімінің интернет-ресурстарында 165 оқушыға қатысты құжаттар ашық қолжетімділікте орналастырылған. Онда балалардың тегі, аты-жөні, білім алатын орны және әлеуметтік мәртебесі туралы мәліметтер көрсетілген.
Жарияланған тізімде көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан, сондай-ақ қорғаншылықтағы балалар туралы деректер де болған. Прокуратура мұндай ақпараттың еркін таралуы балалардың құқықтары мен қауіпсіздігіне қатер төндіретінін атап өтті.
Қадағалау актісі негізінде заңбұзушылықтар жойылып, кәмелетке толмағандардың дербес деректері интернеттен алынып тасталды. Кінәлі лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Прокуратура балалардың құқықтарын қорғау және дербес деректер туралы заңнаманың сақталуы тұрақты бақылауда екенін мәлімдеді.