"Рио-де-Жанейрода өтіп жатқан ХХХІ Олимпиада ойындарында бокстан 91 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін қазақ боксшысы Василий Левит өзінің екінші жекпе-жегінде жеңіске жетті", - деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі.
Отандасымыз үш раундқа созылған тартысты бәсекеде Маврикий аралынан келген Кеннеди Сент-Пьерді 3-0 (30:27, 30:27, 30:27) есебімен ұтты.
Естеріңізге сала кетейік, талай қазақ боксшысының жолын тұсаулап, Олимпиада ойындарына баруға ұстатпай жүрген 91 келі салмақ дәрежесіндегі жолдаманы биыл отандасымыз Василий Левит қанжығасына байлап, тәуелсіз Қазақ елі атынан осы салмақта тұңғыш рет Олимпиада ойындарында өнер көрсету құқығына ие болған.
Василий Левит Бүкіләлемдік бокс сериясының «Астана арларндары» құрамында өнер көрсетіп, «Аргентина кондорспен» болған кездесуде қарсыласын техникалық нокаутпен ұтып, соның нәтижесінде ол WSB-дің жеке рейтингтік көрсеткіші бойынша тұрақты маусымда бірінші орын алды. Сөйтіп, Рио-де-Жанейро Олимпиадасына берілер жолдаманы иемденген.
Туған күні/жылы: 24.02.1988
Туған жері: Қостанай облысы
Салмағы: 91 келі
Жетістіктері:
2009, 2011 жылдары Қазақстан чемпионы;
2009 жылы Азия чемпионы;
Бірнеше халықаралық турнирлердің жеңімпазы.
Ұлт порталы