12-қабаттағы өрт: Алматыда 72 тұрғын эвакуацияланды

12-қабаттағы өрт: Алматыда 72 тұрғын эвакуацияланды
ТЖМ

Алматының Медеу ауданындағы Самал-2 шағын ауданында 12 қабатты тұрғын үйдің пәтерінен өрт шықты, деп хабарлайды ult.kz.

Төтенше жағдай туралы «112» пультіне таңертең хабарлама түскен. Оқиға орнына жеткен өрт сөндіру-құтқару бөлімшелері үйдің 12-қабатындағы пәтердің ашық жалынмен жанып жатқанын анықтады. Өрттің ғимарат шатырына таралу қаупі болған.

Құтқарушылар жедел әрекет етіп, 10 адамды, оның ішінде үш баланы қауіпсіз жерге шығарды. Сонымен қатар 72 тұрғын эвакуацияланды. Олардың арасында сегіз бала және мүмкіндігі шектеулі үш адам бар.

Өрт сөндірушілер жалынның шатырға таралуына жол бермеді. Өрт 35 шаршы метр аумақта сөндірілді.

Оқиғаның себебі анықталып жатыр.