26 ақп, 2019 сағат 08:18

Жаңа Үкіметтің алғашқы отырысы қазақ тілінде өтті

Фото: baq.kz

Үкімет үйінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің жаңа құрамдағы алғашқы отырысы өтті. 

Премьер-Министр Асқар Мамин Елбасы жарлығымен бекітілген ҚР Үкіметінің жаңа құрамын таныстырды.

"Мемлекет басшысы бізге үлкен сенім артып отыр. Бұл - үлкен жауапкершілік. Сол сенімді ақтауымыз керек. Үкіметтің жаңа құрамы нәтижелерге бағдар алған нақты істер Үкіметіне айналуы тиіс. Мемлекет басшысы еліміздің әлеуметтік және экономикалық дамуын жаңа сапалы деңгейге шығару, халықтың табысы мен тұрмысы деңгейін арттыру, тиімді жаңа жұмыс орындарын құру, шағын және орта бизнесті дамыту бойынша бірнеше міндеттер жүктеп отыр. Осындай нақты шаралардың нәтижесінде халықтың әл-ауқатын жақсарта аламыз", деді Премьер-Министр.

Сондай-ақ, Үкімет басшысы "Нұр Отан" партиясының съезінде халықты әлеуметтік қолдауды күшейту және жұртшылықтың тұрмыс сапасын арттыру бойынша бірқатар жаңа іс-шаралар жарияланатынын атап өтті.

Бұдан соң Үкімет құрамына енген жаңа министрлердің ант беру салтанаты өтті. Жаңадан тағайындалған Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров, Білім жəне ғылым министрі Күлəш Шәмшидинова, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр,  Ұлттық экономика министрі Руслан Дəленов Қазақстан халқы мен президентінің алдында ант берді.