20 нау, 2019 сағат 16:25

Шымкентте Назарбаев даңғылы пайда болды

Шымкент қаласындағы Астана даңғылына Нұрсұлтан Назарбаев есімі беріледі. Бұл туралы алтыншы шақырылымдағы Шымкент қаласы мәслихатының кезектен тыс 46-сессиясында белгілі болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Сессияда қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов Шымкенттегі Астана даңғылын Нұрсұлтан Назарбаев есімімен атауды ұсынды. 

«Мемлекетіміздің іргетасын қалаушысы, еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев өзінің салиқалы басшылығымен тәуелсіздік туын биікке көтерді. Ата заңымызды, рәміздерімізді, шекарамызды және рухани құндылықтарымызды қастерлей отырып мемлекетіміздің абыройын асқақтату жолында тарихи бастамаларды жүзеге асырды. Егемендігіміздің негізін қалаушы Тұңғыш Президентіміз – барша қазақстандықтар мойындаған және халықаралық қоғамдастық тарапынан құрметке ие болған ұлы тұлға», - деп атап өтті Ғабидолла Әбдірахымов.

Қала басшысы Елбасының есімін осылай ұлықтау асқан мәртебе және қуаныш екенін атап өтті.

«Осыған байланысты Астана даңғылы атауын Нұрсұлтан Назарбаев даңғылына өзгерту ұсынысын қолдауларыңызды сұраймын», - деді ол.

Халық қалаулылары қала басшысының бұл ұсынысын бірауыздан қолдады. Осылайша, қаланың әкімшілік-іскерлік орталығы орналасқан Астана даңғылын еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімімен атау туралы құжат Республикалық ономастика комиссиясына жіберілді.

«Бұл – Шымкент қаласының жаңа бөлігінің орталық даңғылы. Бұл даңғыл Дендросаябаққа алып барады. Даңғыл бойында Шымкент қаласының әкімшілік-іскерлік орталығы орналасқан. Мұны өте дұрыс шешім санаймын», - деді Ғабидолла Әбдірахымов.

Айта кетейік, бүгін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ел қалаларындағы орталық көшелердің атауын Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне ауыстыруды тапсырған еді. Сонымен қатар, ол елорда атауын Нұрсұлтан деп өзгертуді ұсынды.