06 қаң, 2017 сағат 12:02

Белгілі тележүргізуші анасын мешіт имамының құдаймен қорқытып жүргенін мәлімдеді (Фото)

Белгілі тележүргізуші Мейрамбек Таубалдиев анасын Атырау облысындағы ауылдағы имам құдаймен қорқытты деп мәлімдеді. Бұл туралы Facebook желісіндегі парақшасында жазды.

Оның айтуынша, Ганюшкин селосындағы "Темірəлі" мешітінің діни қызметкері оның анасын құдаймен қорқытып, дөрекі хабарламалар жазған. "Имам неге имансыз!? Бірден айтайын, бұл сөз Ганюшкин селосындағы "Темірəлі" мешітінің діни қызметкеріне қатысты айтылып отыр. Қысқасы... Нағашы əжеміздің жылдық асын өткізген анам қаумалаған тума-туыстардың бабын табам деп жүріп, Құран оқуға келген имамды естен шығарып алса керек! Атырау облысы, Құрманғазы ауданы Ганюшкин селосындағы мешіттің имамы жазыпты! Имамның аты-жөні - Сəрсенбай Бикенов", - деп жазды Мейрамбек Таубалдиев.

Сонымен қатар, ол ауыл имамынан келген хаттың скриншотын келтіріп отыр. 

© facebook.com/Мейрамбек Таубалдиев

"Имамдар қашаннан бері құдайдың атынан сөйлейтін болған?! "Ислам - бейбітшілік, мұсылман - көркем мінезді жан, ҚМДБ Əбу-Ханипа мазхабының мамандарын осылай тəрбиелейтін болған ба!? Ислам дініне махаббатты өсіре алмай жүргенде, сезімді суытып, өшіруге имам да атсалысатын болған ба!? 4. Əрине, ақша керек, еңбек өтемі болуы тиіс! Бірақ қайғылы қазаға қабырғасы қайысып, қара жамылған отбасыға агрессиялық "демеу" көрсеткен Сəрсенбай имамға "срочно" мамандық ауыстыру керек! Құрметті ҚМДБ қызметкерлері! Біле жүріңіз! "Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді". Айтпақшы, сол күні анам еңбекақысын жеткізіпті. Қарыз емеспіз! Кім білген, Алла жазамызды беріп жүрер?!", - деп шамданды жазба авторы.

Өз кезегінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлы бұл жағдайдың тексерілетінін атап өтті. "Біз анықтап алайық. Біз бірінші облыс имамымен байланысқа шығамыз. Бұл оқиғаның қаншалықты рас екенін анықтаймыз. Дәлелдері бар ма, жоқ па әлде бұл мүмкін жала ма - анықтаймыз", - деді ҚМДБ ресми өкілі.

kaz.tengrinews.kz