28 мау, 2016 сағат 15:46

Асқар Жұмаділдаев: Бүкіл ғылымның барлығы ана тілінде оқытылуы керек

Бүгін Алматыдағы «Астана» қонақ үйінде «Қазақтың тілі мен тарихы – ұлттың алтын қазығы» деген тақырыпта қоғамдық талқылау өтті.

Жиында академик Асқар Жұмаділдаев сөз сөйлеп, өз пікірін білдірді.

- Кеше ғана ғылыми жиналыс болды. Сол жиында мен бір сағаттық баяндама жасадым. Баяндаманың тақырыбы: «Математиканы қазақ тілінде оқытуға бола ма, болмай ма?». Әрине, бұл қандай ақмағи сұрақ деп ойларсыздар. Өкінішке орай, XXI ғасырдың басында осы сұрақ ғылыми талқыға түсіп отыр.

Тіл деген не? Тіл – байланыс құралы. Оның бес функциясы бар. Олар:  отбасы, ошақ қасы; бизнес; саясат; экономика; ғылым және технология. Адамның он екі мүшесі бар болатын болса, сол он екі мүшенің бәрі жұмыс жасау керек.  Қазақта мықты поэзия бар, әдебиет бар. Бірақ басқа жағында түк те жоқ. Менің ойымша біздің саясат былай болуы керек: сіз көмектеспей-ақ қойыңыз, бірақ кедергі жасамай-ақ қойыңыз. Соңғы кезде қазақтың тілі дамып келе жатыр. Біздің министр қазақ балаларының білімі төмен деп айтады. Бос сөз. Кешегі өткен ҰБТ-да ең жақсы нәтиже көрсеткен қазақ мектебінің балалары. Құдай біледі, «Болашақпен» шетелге оқуға кеткендердің 80 пайызы қазақ мектебін бітірген балалар. Қазақша мектепте оқу методикасы қалыптасты.

Қазақ тілінде бастауышқа, орта мектепке лайық жеткілікті тіл бар. Біз қазақтың тілі бай дейміз. Сол бай тіліміз орта мектепке білім беруге жарамайтын болса, ол тілдің не керегі бар?! Министрліктің өкілдері «қазақ тарихын қазақ тілінде оқытатын болдық» деп жетістік ретінде айтып отыр. Бұл жетістік емес, күлкілі нәрсе. Бүкіл ғылымның барлығы ана тілінде оқытылуы керек.

Елімізде білім берудің екі түрі бар: Бастауыш пен орта мектеп, және жоғарғы мектеп. Біздің Ата заңда жазылған. Әр ата-ана баласын мектепке беруге міндетті. Егер балаңызды оқытпай қойсаңыз, онда сізді Заң шеңберінде жауапқа тартыласыз. Конституциямызда тағы бір бап бар. Кез-келген қазақтың азаматы өз ана тілінде ақпарат алуға құқы бар.

Оқу – ақпарат алу деген сөз, білім беру деген – информацияның көкесі. Демек, бүгінгі министрлік біздің балаларымызды ақпарат алу құқығынан айырайын деп отыр. Бұл бүкіл бір халықтың адам құқығын бұзу деген нәрсе.

Қазақта математиктер бар. Жақсы ұстаздар көп. Қазір өзеніміз табиғи ағып келе жатыр. Біз неге оған бөгет қоямыз? Менің ойымша, министрлік ең болмаса бұған кедергі жасамауы керек.

Айта кетсек, жиында қоғам белсенділері үштілділік реформасының ұлтты жоюға бағытталғанын ашық айтып, өз қарсылықтарын білдірді. Сондай-ақ, Білім министрлігінің өкілдеріне қоғам белсендісі Руза Бейсенбектегінің 4 жарым мыңнан астам адамның қолы жиналған ашық хатын тапсырды.

Ұлт порталы