10 мам, 2017 сағат 12:05

А.Әшімовтің 80 жылдығына арналған ерекше сый

Көрнекті театр және кино актері, режиссер, өнер қайраткері, Қазақстан және КСРО халық артисі Асанәлі Әшімовтің 80 жылдық мерейтойына мүсін жасалды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" М.Әуезов атындағы драма театрдың баспасөз қызметінің өкілдеріне сілтеме жасап.

Мүсінді ҚР Еңбек сіңірген өнер қайраткері, мүсінші Тілеуберді Бинашевтің қызы Гүлфия Тілеубердіқызы жасаған. Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының түлегі бүгінде "Өнер ордасы" шеберханасында қызмет етіп, кәсіби мүсін өнерінде өз қолтаңбасын қалыптастыруда аянбай еңбек етіп келеді. Бала кезінен Асанәлі Әшімовтің тәлімі мен өнегесін көріп өскен Гүлфия, Асанәлі Әшімұлының 80 жасқа толған мерейтойына ерекше сый жасағанды жөн көріпті. 

Ол "Режиссер Асанәлі" деп атаған композициялық жұмысын М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрына арнайы келіп, мерейтой иесіне театр ұжымының қатысуымен салтанатты түрде табыс етті.

Қоладан жасалған мүсін театрда сақталады. Автордың айтуынша, ол бұл мүсінді екі апта ішінде жасапты. 

"Асанәлі аға біздің шеберханамызға жиі келіп тұрады. Ол кісі мүсін өнерін өте жоғары бағалайды. Мен Хәкімжан Наурызбаевтың портреттік мүсінін жасап жүргенде, керекті көп ақыл-кеңестерін беріп отыратын. Солай жүріп мен қазақ өнерінің мақтанышы, әлем таныған Асанәлі ағаға арналған жұмысымды да бастап кеттім. Бұл композицияны жасауыма екі апта уақытым кетті. Суретшілердің ағаға арнаған көптеген жұмыстары бар. Көбі актер Асанәліні бейнелеген. Менің туындымда режиссер Асанәлі көрініс тапқан. Жұмыс барысында әкем кеңесін беріп, бағыт сілтеп  отырды. Туындының А.Әшімұлына ұнағанына, батасын алғаныма бақыттымын! Осы орайда аңыз тұлғамызды 80 жасқа толған мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Әуезов театрында 12 мамыр күні өтетін мерейтойлық кеште Асанәлі Әшімовтің шығармашылығына арналған көрме ұйымдастырылып жатыр. Көпшілік көрермен "Режиссер Асанәлі" туындысын осы көрмеде тамашалай алады!"- деп өз лебізін жеткізді Гүлфия Бинашева.

Ал өз кезегінде театрдың өкілдері мүсінге жоғары баға беріп отыр. "Гүлфия Тілеубердіқызының мүсіні монумен­тал­ плас­тикада ешқандай нем­құ­рай­­дылыққа, құнтсыздыққа жол бермей, халық жадындағы Асанәлі Әшімов бейнесін дәлдікпен бейнелеген! Шарттылықтан алыс, еркіндік ебі есетін аталмыш туынды ерекше махаббатпен жасалғаны сөзсіз сезіліп тұр!", - дейді театр өкілдері.

Естеріңізге сала кетейік, биыл көрнекті театр және кино актері, режиссер, өнер қайраткері, ұлағатты ұстаз, Қазақстан және КСРО халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты, Халықаралық фестивальдердің бірнеше мәрте жүлдегері, "Отан" орденінің иегері, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрының көркемдік жетекшісі Асанәлі Әшімов 80 жасқа толып отыр.