Фото: Instagram.com
Алматының «Қайрат» клубының қақпашысы Темірлан Анарбеков УЕФА Чемпиондар лигасының 2025/26 маусымындағы жалпы кезең қорытындысы бойынша үздік бес қақпашының қатарына енді, деп хабарлайды Ult.kz.
Sports.kz мәліметінше, Темірлан Анарбеков Чемпиондар лигасында өткізген алты матчта 36 сейв жасап, 13 гол жіберген және бір ойында қақпасын «құрғақ» сақтаған. Осы көрсеткіштері бойынша ол үшінші орынды Аргентина құрамасының өкілі, «Марсель» клубының қақпашысы Херонимо Рульимен бөлісіп отыр.
Қақпашылар рейтингінің көшін «Будё-Глимт» клубының голкипері Никита Хайкин бастап тұр. Ол сегіз матчта 49 сейв жасап, 15 гол жіберген. Екінші орында мадридтік «Реалдың» қақпашысы Тибо Куртуа орналасқан. Оның еншісінде жеті ойында 41 сейв, 9 жіберілген гол және екі «құрғақ» матч бар. Ал үздік бестікті Праганың «Славия» командасының өкілі Индржих Станек түйіндеді — сегіз кездесуде 34 сейв (оның бірі пенальтиден), 16 гол және бір «сухой» ойын.
Айта кетейік, Темірлан Анарбеков Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіндегі алғашқы екі турды жарақатына байланысты өткізіп алған. Сол кезде «Қайрат» қақпасын Шерхан Қалмұрза қорғаған болатын.
