24 қаз, 2019 сағат 13:36

Телекоммуникация комитеті ұялы байланыс қызметінің үзілу себебін атады

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің телекоммуникация комитетінің төрағасы Виталий Ярощенко ұялы байланыс қызметінің үзілу себебін атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Шынтуайтында біз телефонның ІМЕІ-кодының телефон нөміріне бекітілгенін тексеру қызметін іске қостық. Сонымен бірге, белгілі бір абонентке тіркелген абоненттік нөмірлердің санын анықтау қызметі қосылды. Қазір азаматтар бұл қызметті жаппай пайдалана бастағаннан кейін көп адамдар өзіне он мыңдаған нөмірдің тіркеліп тұрғанын анықтады. Тіпті, бір әйелдің атына 51 мың нөмірдің тіркелгені анықталды. Тиісінше ол ұялы байланыс кеңселерінің біріне барады да, сол 51 мың нөмірдің иесі ретінде операторға ол нөмірдің барлығын өшіріп, тек біреуін қалдырғысы келетіні жайлы өтініш жазады. Ал 51 мың нөмірдің ішіндегі көп бөлігін басқа адамдар пайдаланды ғой. Тиісінше, ол нөмірлердің барлығы да өшеді», - деді комитет төрағасы.

Оның айтуынша, бүгінгі күні елімізде дұрыс тіркелмеген 2 млн абоненттік нөмір бар. Яғни азаматтар өз атына тіркелмеген нөмірлерді пайдаланып жүр.

«Біреудің нөмірін ұстап жүрген адамдар қандай қауіппен бетпе-бет келуі мүмкін? Егер ол біреудің нөмірін ұстап жүрсе, оны иесі оп-оңай бұғаттай алады немесе сол нөмірдің ақшасын өзінікіне аударып ала алады. Нөмірдің шынайы иесі ол абоненттің кімге, қашан қоңырау шалғанын анықтауына мүмкіндік бар», - деді Виталий Ярощенко.

Комитет төрағасының айтуынша, операторларға дұрыс тіркелген нөмірлерге ғана қызмет көрсетуді міндеттейтін нормамен жұмыс жүргізу міндеті 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап қойылған.

«Естеріңізде болса, былтыр жыл бойы түсіндіру жұмыстарын жүргізген болатынбыз. Сол кезде телефон нөмірлерін тіркеу туралы ескертулер жасалды. Себебі, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап сим-картаны жоғалтып қана қоймай, телефонға автоматты түрде тіркелмеген сим-карта бекітіліп кетеді. Тиісінше, бекітілген мәліметтердің барлығы ІМЕІ-кодтардың мәліметтер базасына келіп түсті. Операторлар телефоныңызға қызмет көрсету кезінде мәліметтер базасындағы ақпаратты телефоныңыздағы мәліметпен салыстырады. Сәйкессіздік анықталса, оператор мұндай құрылғыға қызмет көрсетуді тоқтатады», - деді ол.

Еске сала кетсек, бұған дейін Kcell баспасөз қызметінің басшысы Олжас Бибанов ұялы байланыс қызметінің үзілуі жайлы түсінік берген болатын.