Отандасымыз Димаш Құдайбергенов қатысып жатқан Қытайдағы «Singer-2017» ән байқауы бүгін Астана уақытымен 20:30-да эфирге шықты, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Димаш жобаның бірінші кезеңінде француздардың ең қиын әнінің бірі болып табылатын әйгілі «SOS d'un terrien en détresse»-ді орындап, қытайлық көрермендерді тәнті етті. Байқаудың қатысушылары, қытайға танымал әншілер де өз таңданыстарын жасыра алмады.
Қытайдың Sina Weibo (Твиттердің баламасы) әлеуметтік микроблогына жазылушылардың саны 35 мыңнан бір сағатта 118 мыңға жетті.
Айта кетерлігі, Қытайдағы үлкен ән байқауларының қатысушысы, қандасымыз Арай Айдархан жоба талабына сәйкес серіктес болып қатысып, қолдау көрсетті. Байқаудың екінші кезеңі келесі сенбі күні өтеді.