20 там, 2020 сағат 12:35

Семей тұрғыны Ресейден арзан көлік жеткізіп берем деген алаяққа 1 млн теңгесін бере салған

Семей қаласының тұрғыны Ресейден арзанға көлік жеткізіп беретінін айтқан алаяққа сеніп, 1 млн теңгесінен айырылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Шығыс Қазақстан облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, полицияға хабарласқан 36 жастағы ер адам шілде айының басында Ресейден арзан көлік жеткізіп беретінін айтқан белгісіз біреуге 1 млн теңге ақша берген. Алайда кейіннен алаяқтың арбауына түскенін түсінді.

«Жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында тәртіп сақшылары күдіктіні қолға түсірді. 39 жастағы Семей тұрғыны өз кінәсін толықтай мойындап отыр. Белгілі болғандай, алаяқ жәбірленушінің ақшасын жеке қажетіне жұмсап үлгерген», - деп хабарлады ведомство өкілдері.

Қазіргі уақытта аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 1-бөлігі (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.