03 мау, 2021 сағат 22:17

Ролан Гаррос: Зарина Дияс әлемнің 15-ракеткасына жол берді


Қазақстандық Зарина Дияс Парижде өтіп жатқан Ролан Гаррос турнирінің үшінші айналымына шыға алмады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Дүниежүзілік рейтингте 93-орында тұрған З.Дияс екінші айналымда әлемнің 15-інші, осы доданың 14-ракеткасы, бельгиялық Элиза Мертенспен шеберлік байқасты.

Бұған дейін қарсыластар өткен жылы Федерация кубогында кездесіп, онда бельгиялық спортшы 1:6, 6:2, 6:1 есебімен жеңіске жеткен еді.

Бұл жолы бірінші партияда Э.Мертенс 4:2 есебімен алда тұрды. Дегенмен Зарина қатарынан төрт геймді алды – 6:4.

Екінші сетте бельгиялық теннисші айқын басымдылық көрсетті – 6:2. 

Үшінші, шешуші партияда есеп 3:3 болған мезетте Э.Мертенс брейк жасап кетті. Ақыры матчқа доп бергенде, жеңісті жұлып алды – 6:4.

Тартысты өткен бәсеке 2 сағат 27 минутқа созылды.

Э.Мертенс үшінші айналымда әлемнің 18-ракеткасы, грекиялық Мария Саккаримен кездеседі.

З.Дияс өз спорттық жолында бұған дейін де Ролан Гаррос турнирінің үшінші айналымына шыға алмаған еді. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Юлия Путинцеваның жұптық сында Ролан Гаррос турнирінің екінші айналымына өткенін, Елена Рыбакинаның алғаш рет үшінші айналымға шыққанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ қазақстандық теннисшілер жұптық бәсекелерін сәтті өткізуде.

А.Бублик пен А.Голубев жұптық сында үшінші айналымға шықты.